Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, сүт өнімдеріндегі ашық емес таңбалар мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, нарықта табиғи сүттен емес, қалпына келтірілген құрғақ сүттен жасалған өнімдердің үлесі өсіп келеді, бірақ қаптамада бұл ақпарат әрдайым нақты көрсетілмейді. Сол себепті тұтынушылар өнімнің қандай шикізаттан жасалғанын анықтай алмайды.
2025 жылдың алғашқы 10 айында зерттелген 3 мың өнімнің 62%-ында маркировка талаптары бұзылған. Бұл - жекелеген жағдай емес, жүйелі мәселе, - деп атап өтті Қарақат Әбден.
Сондай-ақ депутат қалпына келтірілген сүттен жасалған өнімдердің бағасы табиғи сүт өнімдерімен бірдей болған жағдайда, бұл адал бәсекелестікке кері әсер етіп, отандық мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіретінін айтты.
Әбден халықаралық тәжірибеге де мысал келтіріп, Беларусь пен Швейцарияда өнімдер нақты және айқын маркировкамен бөлінетінін жеткізді.
Сауалда депутат үкіметке бірнеше ұсыныс жасады:
- Сүт өнімдеріне міндетті, айқын және оқуға жеңіл маркировка енгізу, шикізат түрін нақты көрсету.
- Құрам мен өндіріс тәсіліне бірдей талаптар қойып, құрғақ сүттің жасырын қолданылуына жол бермеу.
- Нарықтағы шикізат құрылымын жан-жақты зерттеу.
- Өндіріс процесінің ашықтығын арттыру үшін стандарттар мен тексеру құралдарын енгізу.
- Табиғи сүт өндірушілерге қолдау көрсету, мал басын арттыру, фермерлік сүтті қайта өңдеуге жеткізуді көбейту.
- Импортқа тәуелділікті азайту үшін отандық құрғақ және сублимирленген сүт өндірісін дамыту.
- Тұтынушыларға өнімдердің табиғи және қалпына келтірілген түрлерін ажырата білуге бағытталған ақпараттық жұмыс жүргізу.