Қазақстанда жасалатын табиғи сусындар Сеулдегі халықаралық көрмеге қойылды

10 Маусым 2019, 17:35
2973
Бөлісу:
Қазақстанда жасалатын табиғи сусындар Сеулдегі халықаралық көрмеге қойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кореялықтар қазақ сусындарын сүйсініп ішеді. Қазақстанда жасалатын табиғи сусындар Сеулде туризм саласына арналған халықаралық көрмеде таныстырылды, деп хабарлады «Хабар 24». 

Көрмеге әлемнің 46 елінен бірнеше туристік компания қатысты. Арасында отандық туроператорлар да бар. 

Халықаралық көрме – 46 мемлекеттің өкілдеріне өз елін жарнамалауға бірегей мүмкіндік. Бұл ретте қазақстандық мамандардың шоқтығы биік. Өйткені келушілердің қарасы ұзын-сонар кезекке ұласты. Корейлерді қазақы сусын шалаптың дәмі мен дайындалу тәсілі қызықтырады. 

«Біз оны қышқыл айраннан жасаймыз. Міндетті түрде құрт пен су және аздап тұз қосамыз. Әдетте бір-екі күн тұрғаннан кейін табиғи газ өздігінен түзіледі. Алайда бұл жерде ондай уақыт болмағандықтан газдалған су қосып жатырмыз. Бүгінде кореялықтар дұрыс тамақтануға баса мән бере бастаған. Сондықтан қазақ асханасына қызығушылар көп. Өйткені құрт, талқан, бал, алма - барлығы табиғи таза өнім. Кез келгені дәмнен ауыз тиіп, елдің тарихы һәм табиғатымен танысады», - деді бармен Әлібек Жайбергенов.

 Былтырғы көрмеде Қазақстанның тіл үйірер тағамына 35 мың кореялық тәнті болды.

«Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы облысына туристердің қызығушылығы жоғары. Визасыз режим болғандықтан, сенбі, жексенбі күндері Қазақстанға келіп демалып кететін туристердің саны артып жатыр. Көбіне корейлер гольф ойнап, Шымбұлақта шаңғы тепкенді және түнгі Алматыда серуендегенді ұнатады», - деп айтты Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов.   

Көрмеге қонақ ретінде келген Ким Сан Бидің сөзінше Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы теміржол қатынасы ашылса, Қазақстанға баратын жол жеңілдер еді.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мәлімдеуінше, соңғы уақытта Малайзия, Біріккен араб әмірлігі, Гонконг және Қытай елінің азаматтары Қазақстанға қыдыруды үдете бастаған. Ал Еуропа елдерінің ішінде Германия мен Ресей тұрғындары біздің елге қонақ болғанды құп көреді. Ондай үрдіске туристік компаниялардың өзара ынтымақтаса жұмыс істеуі түрткі болған.

Өзгелердің жаңалығы