Табиғаттың тосын мінезі қостанайлықтарды да әбігерге салуда

17 Сәуір 2023, 20:01
723
Бөлісу:
Табиғаттың тосын мінезі қостанайлықтарды да әбігерге салуда
Фото: Қостанай облысы ТЖД

Табиғаттың тосын мінез танытуы Қостанай облысының тұрғындарын да азапқа салуда. Әсіресе, сәуір айында толассыз жауған қар мен бет қаратпай соққан ақ түтек бораннан облыстың оңтістік аудандары әбдіреп қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.

Осы уақытқа дейін облыстық құтқару қызметінің мамандары қар қырсауында қалған сегіз адамның өмірін сақтап қалды. Олардың арасында өрісте малын бағып жүріп адасып кеткен екі малшы да бар.

Бүгін түс ауа Амангелді ауданындағы дала жолында «Нива» автокөлігімен қалың қар астында көміліп қалған ауыл тұрғындарына көмектесті. Қазіргі таңда Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелді аудандарының аумақтарына бір түнде бір айдан астам уақытта жауатын қалың қар түскен. Осының салдарынан аудандарға қарасты ауылдар арасындағы жолдардың өзі адам өміріне қауіп төндіріп отыр.

Амангелді ауданына қарасты Қарасу ауылының тұрғындары бірнеше шақырым жерде орналасқан шарушылықтағы жұмысшыларға азық-түлік жеткізуге бара жатып қарға батып қалады. Сағат таңғы 5:45-те оларға көмекке Қарасу ауылынан трактор бармақ болады. Бірақ, ол да ауылдан көп ұзамай қарға батып қалады. Одан кейін сағат 6:05-те Амангелді ауылына қарасты ПК-26 қызметкерлері көмек көрсету туралы дабылды қабылап алып, Махат ауылы бағытында арнайы жол талғамайтын көлікпен құтқарушылар аттанады. Құтқарушылар Махат ауылынан сегіз шақырым жерде жолаушылар мінген «Нива» автокөлігін тауып алып, көлікті қардан шығарып, жолдың қауіпсіз бөлігіне сүйреп апарды. Сағат 9:45-те құтқарылған алты адам да үйлеріне аман-есен жеткізілді,- дейді Қостанай облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің баспасөз хатшысы Уәлихан Дусанов.

Өзгелердің жаңалығы