Табиғатты ластаушы компаниялар енді айыппұлмен құтылмайды

28 Қыркүйек 2020, 12:44
2160
Бөлісу:
Табиғатты ластаушы компаниялар енді айыппұлмен құтылмайды
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Табиғатты ластаушылар енді айыппұл төлеп қана құтылмайды, оны қалпына келтіруге де тиісті. 

Атырау облысындағы ірі мұнай-газ компаниялары ауаға жылына 180 мың тонна лас заттарды шығарады екен. Көш бастап тұрған «Теңізшевройл», «НКОК», «Атырау мұнай өңдеу» зауыты. Бірақ осыған дейін бұл компаниялар табиғатты қорғауға миллиондап қаржы бөліп жатқандарын айтып келген еді. Алайда Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан аталған кәсіпорындар көгалдандыруға қомақты қаржы құйып жатпағанын айтады. 

Бұл мұнай компаниялары аймақты көгалдандыруға миллиондап қаржы бөліп жатқан жоқ. Кәсіпорындарда табиғатты қорғау жоспары деген болады. Соның ішіндегі көптеген жобамен қатар көгалдандыруды да қосады. Бірақ бөлінетін қаражат өте аз. Сондықтан ірі мұнай компаниялары көгалдандыруға миллиондар бөліп жатыр деген қате. Олар өз қондырғыларын, технологияларын жаңартады. Осы экологияны қорғау бағытында жұмыс жасап жатқаны болып көрінеді,- дейді Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан. 
Өткен жылдың өзінде Атырау облысындағы мұнай компаниялары экологияны ластағаны үшін 10 млрд-тан астам айыппұл төлеген. Басқарма басшысының айтуынша, кәсіпорындарға экологияны қалыпқа келтіру жұмыстарынан гөрі айыппұл төлеген жеңіл екен. Бірақ енді бұлай болмайды дейді. 

Біз табиғатты қанша бүлдірсек, сонша қалпына келтіруіміз керек. Санитардық зонаны көгалдандыру бұл мекеменің тікелей міндеті. Компаниялардың көбі өз аймақтарына тал-терек егуді айтады. Бірақ ол олардың тікелей міндеті. Өйткені жоба бастапқыда жасалғанда міндеттелген. Енді олар лас қалдықтар шығарып, ауаны бүлдіріп жатыр. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар белгілеп берген учаскелерді көгалдандыруға қолдау көрсетулері керек. Мұны ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев талап етті. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов компания басшыларымен жүздесіп, осы мәселелерді бірге талқылады. Жуықта бұл жұмыстарды жүзеге асыра бастаймыз,- дейді Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан.
Мұнай компаниялары облыстағы әлеуметтік жобаларға көп қолдау жасайды. Енді экологияны жақсартуға да белсенді араласпақ.
Өзгелердің жаңалығы