Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 663 сайлау учаскесі жұмысқа кірісті. Қызылжар өңірінде 400 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Облыстық Сәбит Мұанов кітапханасының ғимаратында орналасқан 586-шы сайлау учаскесі алғашқы сайлаушыны сағат 7:00-де қабылдады. Бірінші болып облыстық «Асыл мұра» орталығының жетекшісі, өлкетанушы Таңат Сүгірбаев өзі таңдаған кандидатқа дауыс берді. «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық» деген қағиданы ұстанған ақсақал сайлауға үнемі бірінші болып келуді әдетке айналдырғанын айтады.
«Мен күнде ерте тұрамын. Бос отыра алмаймын. Сондықтан сайлауға да ерте келемін. Бүгінгі күні еліміздің шежіресіне үлкен тарихи оқиға болып жазылады. Елімізде биліктің тыныш ауысуы демократияның белгісі. Президенттің кезектен тыс сайлау өткізу туралы жарлығы қолдау тапты. Саяси науқан конституциялық талаптарға сай өтіп жатыр. Әркім өз құқығын пайдалануы керек. Бұл – егемен еліміздің ертеңгі болашағы үшін керек. Өзім таңдауымды әлдеқашан жасап қойғанмын. Бүгін дауыс бердім», - дейді Таңат Сүгірбаев.
Жасы 70-тен асқан ақсақал 3 рет ҚР Президентін ұлықтау рәсіміне қатысқан. Ол барша қазақ елі үшін жауапты сәтте көзі ашық, көкірегі ояу әр азамат саяси белсенділік танытуға міндетті екенін тілге тиек етті.