Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Сыр өңіріндегі кәсіпкерліктің дамуы, төтенше жағдайға байланысты бизнестегі ахуал төңірегінде Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновпен әңгімелестік.
– Фердоуси Әбілқасымұлы, 2018 жылы Сыр өңірінде жарияланған "Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы" қызылордалықтарға қандай мүмкіндіктер ашты?
– Жаппай кәсiпкерлікті дамыту аясында екі жыл қатаpынан кешендi "Жол картасы" әзірленіп, кәсіпкерлік саласына әртүрлi қаржы көздерiнен 2018 жылы 32 миллиард теңге, 2019 жылы 44 миллиард теңге бағытталды. Биылғы жылы бұл бағытқа шамамен 38 миллиард теңге бағытталады деп жоспарлануда. Бұл кәсібімді бастаймын немесе кеңейтемін деген ынталы азаматтар үшін үлкен мүмкіндік.
"Бизнестiң жол каpтасы 2025" мемлекеттiк бағдаpламасы aясында 2020 жылға жалпы 1 миллиард 710 миллион 911 мың теңге қаржы қаралып, бүгінде бұл қаражат екі есеге ұлғайтылды. Яғни, республикалық бюджеттен қосымша 1 миллиард 712 миллион 264 мың теңге қаражат бағдарлама аясында несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау және ішінара кепілдік беруге бағытталды.
Ал "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында шағын несиелер беруге 3 миллиард 353 миллион теңге, оның ішінде Қызылорда қаласында шағын несиелер беруге 250 миллион теңге қаржы қаралды.
Бағдарлама аясында Қызылорда қаласына бағытталатын шағын несиелер көлемін ұлғайту мақсатында облыстық бюджеттен қосымша 150 миллион теңге қаражат қарастыру мәселесі облыстық бюджеттік комиссияның қарауына енгізілді.
Бұл қаражаттар аясында жыл көлемінде шағын және орта кәсіпкерліктің шамамен 700-ден астам жобасына қаржылай қолдау көрсету жоспарлануда.
– Бағытталған қаржы қомақты. Қызылордалықтар бұл қолдауды қаншалықты пайдалана алып отыр? Олар қандай кәсіп түрлеріне ден қоюда?
– 2019 жылы шағын және орта кәсіпкерлікте 94 867 адам жұмыспен қамтылды. Яғни 2,2 пайыз өскен. Бұл өсім – 2018 жылы өңірімізде жарияланған "Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшжылдығының" жемісі.
Айта кету қажет, былтырғы жылы мемлекеттен бөлінген қаражат аясында 6 мыңға жуық азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 1,5 мыңға жуық шағын кәсіпкерлік субъектісіне шағын несиелер, 3 мыңнан астам жұмыссыз әрі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың ісін бастауына қайтарымсыз гранттар берілді.
Қаражаттардың басым бөлігі мал шаруашылығына, тігін тігу цехын, қоғамдық тамақтану орындарын, азық-түлік дүкендерін, наубайхана, техникалық жөндеу орталығын ашуға, сондай-ақ шаштараз, монша және жолаушылар мен жүк тасымалдау қызметтерін ұсынуға бағытталған.
– Қазір көпшілік кәсіп ашу үшін тамыр-таныс емес, білім керегін түсінген сияқты...
– Бүгінде "бармақ басты, көз қыстымен", "Мәке-Сәке" жағалаумен жұмыс бітеді деген стереотип. Бұған мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, құжат жинап жүрген жұртшылықтың көзі жеткен. Қазір тек ынта-ықылас, бизнес жоспар болса жеткілікті. Бизнесті ашамын деген адамға керек кеңес те беріледі. Бәрі тегін. Атап айтсақ, облыста 2017 жылдан бастап облыс кәсіпкерлеріне құжаттарды "Бір терезе" қағидатымен ұсыну мақсатында толық форматтағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Орталықтан аталған қызмет түрлерінен өзге кәсіпкерлерге инвестициялар тарту, бизнес-жоспар жасау, жобаларын сүйемелдеуге алу және өзге де 70-ге жуық қызметті, кеңесті "ТЕГІН" ала алады. Былтырғы жылы орталық бұл бағыттарда 10 546 қызмет көрсетсе, биылғы жылғы 3 айдың өзінде облыс кәсіпкерлеріне 3308 қызмет көрсетті.
Қазақстан Республикасының премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес "Бизнеске арналған Үкімет" бірыңғай сервис орталығын ашу жұмыстары да қатар атқарылуда. Бұл жұмыстар аясында облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, қазіргі таңда орталықты ашу үшін талаптарға сай келетін ғимарат белгіленді. Қазіргі таңда, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы және "Қызылорда" Өңірлік инвестициялық орталығы жаңа ғимаратқа толығымен орналасып, елімізде орын алған төтенше жағдай кезеңінде қашықтан жұмыс істеу арқылы тиісті қызметтерді көрсетуде.
– Жұқпалы індетке байланысты төтенше жағдайдың жариялануы ең алдымен шағын және орта кәсіпкерлікке соққы болғаны рас. Олардың қазіргі кездегі ахуалы қалай?
– Бүгiнде облыстың экономикалық белсенді 329 мың халқының үштен бірі шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылған. Облыс бойынша шағын және орта кәсiпкерліктiң саны 51 798 бiрлiк болса, оның 89,1 пайызын немесе 46 268 бiрлiгiн жұмыс жасайтындар құрайды.
Өңiрдiң шағын және орта кәсiпкерлік субъектiлерiнiң 69 пайызының қызметi сауда, ауыл шаруашылығы, көлiк және қоймалау, құрылыс, өңдеу өнеркәсiбi салаларына, сондай-ақ жылжымайтын мүлiкпен жасалатын операцияларға бағытталған.
Төтенше жағдай кезеңінде шағын және орта кәсіпкерліктің азық-түлік бағытындағы сауда орындары, ауыл шаруашылығы бағытындағы нысандар, дәріханалар мен жанар-жағармай бекеттері, клиенттерге дейінгі жеткізіп беру қағидатымен қоғамдық тамақтану орындары жұмыс жасап жатыр. Сәйкесінше, шағын және орта кәсiпкерлiктiң 95 мыңға жуық жұмыс күшiнiң тең жартысы еңбек етуде.
Азаматтардың өмiрi мен денсаулығын қорғау мақсатында қалған азық-түлiк емес бағытындағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысы толығымен тоқтады. Ендігі бұл кәсіпорындарды төтенше жағдай кезеңінен кейін кезең-кезеңмен қайта жандандыру міндеті тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі мәлімдемесінде 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталатынын айтты. Карантин талаптары да біртіндеп жеңілдетіледі. Әрине бұл халық үшін, кәсіпкерлер үшін қуанышты жаңалық.
Ең алдымен тұрғындардың бірінші кезекте тұтынушылық қажеттілігін өтейтін, оған қоса халық көп шоғырландыруды қажет етпейтін нысандар іске қосылатын болады.
Қазіргі күні шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін сауықтыру үшін Үкіметпен мемлекеттік бағдарламалардың қаржыландыру шарттары жетілдіріліп, қосымша қаражаттар қаралуда.
Жоғарыда атап өткенімдей, кәсіпкерлікті қолдауға "Бизнестiң жол каpтасы 2025" мемлекеттiк бағдаpламасы аясында 3,4 миллиард теңге, "Еңбек" мемлекеттiк бағдарламасының ІІ бағыты аясында 4,5 миллиард теңге, барлығы 7,9 миллиард теңге қаражат бағытталды.
Төтенше жағдай кезеңiнде банктер мен қаржы ұйымдарының бизнесті неиелендіру жұмыстары өз жалғасын тапты. Банктер жыл басынан берi тұрақты бизнестiң 33 жобасын 1 миллиард теңгемен несиелендiріп, қаржы ұйымдары шағын және орта кәсіпкерліктің 95 жобасына 701,3 миллион теңге несие қаражатын табыстады.
"Қаpапайым заттаpдың экономикасы" бағдаpламасы аясында екiншi деңгейлi банктермен жалпы сомасы 6 миллиард теңгенi құрайтын 53 жоба қаржыландырды.
Сондай-ақ, төтенше жағдай кезеңінде банктер және қаржы ұйымдары 1500-ге жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің несиелерін үш айға кейінге қалдырды.
Бұл қолдау шаралары өз кезегінде жұмыссыздардың жұмыспен қамтылуына, жаңа шағын өндіріс көздерінің ашылуына, өнім көлемінің ұлғаюына ықпалын тигізетін болады.
– Карантин кезінде онлайн-жеткізу қызметі қаншалықты дамыды?
– Карантин режимінің енгізілуі сауда саласына жаңа дем берді деп айтуға болады. Себебі, облыс халқының онлайн жеткізіп беру қызметіне сұранысы артқан. Осы бағытта қызмет көрсететіндер де көбейіп келеді.
Облыста 100-ге жуық қоғамдық тамақтану орыны дайын тағамдарды жеткізу қызметімен айналысса, 17 дүкен азық-түлік тауарларын жеткізу қызметімен айналысып жатыр. Сондай-ақ, дәріханалар да жеткізу қызметін белсенді іске асыруда.
Қорыта келе, жалпы бөлшек саудадағы электронды сауданың үлесі артады деп болжап отырмыз.
Сонымен қатар, электроника және тұрмыстық техника тауарларын жеткізу қызметіне рұқсат беру туралы облыстық штабқа ұсыныс енгізілді.
– Ал жұмысы тоқтаған сауда нысандарына қандай жағдай жасалды?
– Кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесінде коммерциялық жылжымайтын мүліктер бойынша кәсіпкерлер жалға алу құнынан босатылды. Бұл ретте, босату құны 351,7 миллион теңгені құрады. Облыста тек азық-түлік сауда нысандары күшейтілген санитарлық режимде шектелген уақытпен жұмыс істеуде. Талаптардың орындалуы бойынша күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізілуде.
– Сыр өңірінде туризмнің тынысы қалай?
– 2019 жылдың қорытындысы бойынша жалпы облысқа келушілердің саны 71 669 адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,8 %-ға өсті.
Сондай-ақ, облыста орташа құны 7 571 теңгені құрайтын 108 орналастыру орны бар. Орналастыру орындарында біржолғы сыйымдылығы 3 467 төсек-орынды құрайтын 1 448 нөмір қарастырылған. Облыстың 19 қонақ үйі халықаралық "Booking.com" интернет-брондау жүйесінде тіркелген. Көрсетілген кезеңде 71 669 адамға 1084,7 млн теңге сомасына қызмет көрсетілді.
Бүгінгі таңда ғарыштық туризм, жағажай туризмі, медициналық туризм, мәдени-танымдық туризм – аймағымыздың басымды туристік бағыттары.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының туристендiру каpтасына облыстан 3 тypистiк нысан енгiзiлдi: "Байқоңыp" ойын-сауық туристiк аймағы, "Қамыстыбас" демалыс аймағы және "Жаңақоpған" шипажайы. Бұл ретте, "Байқоңыр" ойын-сауық туристiк аймағын құру Туристендiру картасының ТОП-10 нысанына енгiзiлген.
– Елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты туристік сала өкілдерінің жағдайы қандай?
– Қазіргі таңда көптеген елде карантин режимінің енгізілуіне байланысты шекаралары жабылды, отандастарымыздың әлемді қай кезден бастап саяхаттай алатыны белгісіз болып тұр. Ал сыртқы туризммен айналысатын компаниялар көп шығынға ұшырады. Бірақ, көптеген сарапшының пікірінше, карантин кезеңі ішкі туризм үшін үлкен сынақ болмақ. Себебі, біздің отандастарымыздың көбісі биылғы жылы еліміздің төңірегінде демалады. Яғни ішкі туризммен айналысатын компаниялардың дайындығы, сапалы қызметі таразыға түсіп, сарапқа салынады. Сондықтан, осы кезеңді ұтымды пайдаланып, ішкі туризмнің тынысын ашуға ерекше мән беруіміз керек. Біз де өз тарапымыздан үлесімізді қосамыз деп ойлаймын.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!