Түркия тұңғыш ұлттық электрокарын шығарды

30 Желтоқсан 2019, 20:07
2181
Бөлісу:
Түркия тұңғыш ұлттық электрокарын шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркия 1960 жылдан бері орындалмай келе жатқан арманын жүзеге асырды, деп жазады Massaget.kz.

Түркиялық автоөндірушілер жарты ғасырдан аса уақыттан бері өз темір тұлпарларын өндіруді армандаған.

Осы тарихи оқиғадан сырт қалмай көліктің алғашқы нұсқасын сынақтан өткізу үшін ел президенті Режеп Тайып Ердоған салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Ашылу салтанаты 27 желтоқсан күні Стамбул маңындағы Габза ауданында өтті. Рәсімнен соң Ердоған алғаш болып электрокарға отырып, оны сынақтан өткізді.

Түріктердің алғашқы электрокары TOGG деп аталады. Егер зауыт құрылып, бәрі ойдағыдай болып жатса, аталған электрокарлардың седан, хэтчбек, компактвэн және В сегментіндегі кроссоверлері де өндіріледі.


TOGG (Türkiye’nin Otomobili Girişim Grubu – түрік автомобильдерінің бастамашыл тобы) – 5 түрік компаниясының (Anadolu Group, BMC, Carrot Group, Turkcell және Zorlu Holding) бірлескен бастамасы.

Компания басшысы Рифат Хисаржыклыоғлының айтуынша, зауыт құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2022 жылы компания 5 түрлі модель шығарады.

Зауыттың жылдық өндіріс қуаты – 175 000 автомобиль. Компания толықтай жекеменшікте және мемлекетке шарттар қойып отыр: 2035 жылға дейін салықтан босату және жерді тегін жалдау, мемлекет меншігіне 3 мың автокөлік сату. Зауыт жобасына 22 миллиард түрік лирасы (3,7 миллиард доллар) қажет. Халықаралық нарыққа 2-3 жылдан кейін кіру жоспарланған.

TOGG автокөлігінің негізгі нұсқасы артқы білікке бекітілген 200 ат күші бар электр қозғалтқышымен жабдықталған. Электрокардың премиум моделінде алдыңғы білікке орнатылған электромотор да бар. Бюджет нұсқасы сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 7,6 секундта, ал премиум нұсқасы 4,8 секундта жетеді.

Көліктің дизайнын түріктің ұлттық дәстүрлерін ескере отырып, атақты Pininfarina дизайн компаниясы жасаған.  

Әзірге атауы жоқ кроссовер толық зарядпен 300-500 шақырым қашықтықты басып өтетін батареялармен жабдықталады. Аккумуляторды 30 минут ішінде 80 процентке дейін қуаттауға болады. Зауыт электрокарға 8 жыл кепілдік береді.

Айта кетейік, түрік үлгісіндегі алғашқы ұлттық Деврим автокөлігі 1961 жылы құрылды, бірақ өндіріске шығарылмады. Бұл машинаның 4 тәжірибелік үлгілерінің біреуі сынақ кезінде ақау шығып, өшіп қалды. Содан кейін автомобиль туралы жағымсыз әсерлер жобаның жабылуына себеп болған.

Өзгелердің жаңалығы