Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында ассамблея жанындағы «Айбын» әскери-патриоттық клубының ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің туылғанына 95 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Жиынға Түркістан облысы «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласынан келген арнайы қонақтар, әскери бөлімдер мен мекемелердің басшылары және қызметкерлері, Арыс қалалық Т.Тәжібаев атындағы отбасылық балалар үйінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілері, облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, облыстық этномәдени бірлестік төрағалары мен Аналар кеңесі мүшелері қатысты.
Халқымыздың ардақты ұлы Сағадат Қожахметұлын еске алу кеші алдымен елдігіміздің символы ҚР Мемлекеттік туын салтанатты түрде қарсы алумен басталды. Әскери саппен қадам басқан жауынгерлер сахна төріне туды алып шыққан соң, жиылғандар бірер минут үнсіздікпен батыр ұлын еске алды.
Бұдан кейін мінберге ҚР ҚК ардагері РҚБОҚ филиалының төрағасы, запастағы подполковник Бабай Алдабергенов шығып, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов туралы кең көлемді баяндама жасап, оның өмірі мен ерлік жолына тоқталып өтті. Баяндамадан кейін залдағы көрермендерге Кеңес Одағының батыры туралы деректі фильм ұсынылды.
Кеште сөз алған Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғани Рысбеков ассамблеяның ардагерлер мен Аналар кеңесі жастармен тығыз байланыста қызу жұмыс жасап жатқандығын айтты.
«Біз қазір армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алу кешіне жиналып отырмыз. Бүгінгі жиынға елордадан келген құрметті қонақтар да қатысып отыр. Сағадат Қожахметұлының ҰОС жылдарындағы ерлігін дәріптеуден басқа, оның қазіргі жаңарған Қазақстанның Қарулы күштерін құруға сіңірген еңбегін де ұрпаққа насихаттауымыз керек. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары өз әскерімізді құру қиын болды. Алайда, Сағадаттай батыр аталарымыздың арқасында біз бүгінгі жетістіктерге жетіп отырмыз. Біз рухани жаңғыру туралы айтып қана қоймай, жастар арасына барып, осындай тұлғаларымызбен мақтанып, насихаттауымыз қажет. Осындай шаралардан жастардың патриоттық сезімі артады деген ойдамын. Елбасы бір сөзінде «аға ұрпақтың біздің алдымызда ұялатын ештеңесі жоқ, себебі осыншама жерді мирас етіп қалдырды» деген болатын. Ендеше, біз де келер ұрпақтың алдында ұялмайтындай қызмет жасайық», - деді Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғани Рысбеков.
Бұдан соң сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сахнаға шығып, жиналғандарға армия генералы туралы терең тағылымды естеліктерін айтып берді.
«Бүгінгі жиынның жөні ерекше. Елімізде тарихи шешім болып жатқан кезде бас қосып отырмыз. 9 маусым күні өтетін сайлау – бұл елдің тағдыры, ертеңге бағыт алатын сәтіміз. Әр заманның өзінің елін, жерін, Отанын сүйген, елдің елдігін дамытуға бар күш-жігерін жұмсаған азаматы, батыры болады. Сағадат Нұрмағамбетов – сондай жан. Ол еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі. Жастық шағы соғысқа тап келген кешегі азамат жоғары наградалармен марапатталып, ерлігі мойындалып, тамаша қолбасшы ретінде танылды, зор абырой мен беделге ие болды. Елбасымыз Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары үлкен жауапкершілікті алып кете алатын көшбасшыларды іздеді. Соның бірі осы армия генералы Сағадат ағамыз еді. Бұл кісілер кешегі Ұлы Отан соғысында шайқасып, бейбітшілікті жақындатқан аға буын өкілдері. Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде дастархандас болдық. Ол кісінің қарапайымдылығы, өзіне тартатын аурасы да ерекше еді. Бірде ҚазМУ-де өткен шара біткеннен кейін алған сый-сыяпаттарын көтеріп бара жатты. Үлкен кісінің заттарын көтерісіп жібермек болып көмекке келіп едім, өзі алып жүрді. Көлігіне апарып мінгіздім. Айтайын дегенім, атақ-дәрежесін пайдаланбай, кішіпейілділік сақтағанына таң қалдым. Еліміздің Қарулы күштерінде жүрген әскери қызметшілерге де айтар алғысымыз шексіз. Біз әскеріміздің арқасында алаңсыз, тыныш ұйықтап жүрміз, елдігіміз жасай берсін», - деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов.
Құрылуына Қазақстан халқы ассамблеясы мұрындық болған «Айбын» әскери-патриоттық ұйымы жастарды жауынгерлік рухта тәрбиелеп, оларды ел қорғаны болуға шақырады. Еске алу шарасында ҚР ҚК Ардагері запастағы полковник Серікбай Оңбаев, ҚР ҚК ардагері запастағы подполковник Мұхтар Балтабайұлы, Шымкент гарнизоны, 35748 әскери бөлім командирі подполковник Нүркен Қарағұлов ұландарға ұлттық тәрбие мен әскери қызметтің сан салалы қырлары туралы айтып берді.
Кеш барысында Нұр-Сұлтан қаласынан келген әскери шенділер мен зейнеттегі әскерилер, әскери қызметшілер төсбелгілермен, алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, сахнаға алда келе жатқан 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Арыс қаласындағы балалар үйінен келген 12 тәрбиеленушіге де сый-сыяпаттар үлестірді.
Кеш соңы Сағадат Қожахметұлының 95 жылдығына арналған мерекелік концертке ұласты.