Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістандық әскери еріктілер оқыс оқиғаның алдын алды, деп хабарлайды өңірлік коммуникация қызметінен.
Ефрейтор Шахрух Журабеков, қатардағы жауынгер Мақсат Жұманазаров, қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Әділбек Мархабай "Отырар" ықшамауданындағы үйден шыққан өрттен үш азаматты құтқарып қалған.
Көпқабатты тұрғын үй ауласын тексеріп жүрген патруль қызметкерлері өрт шыққан үйден екі қария мен қыз баланы құтқарған. Жедел жәрдем шақырып, зардап шеккендерге медициналық қызмет көрсетуге атсалысқан. Абырой болғанда, үй иелеріне зақым келмеген.
Белгілі болғандай, өрт газдағы қатты қызған майдан шыққан.
Аталған азаматтар небәрі екі күн бұрын ғана облыста жасақталған аумақтық әскер қатарында қызмет етуге кіріскен. Олар төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауды өз міндеттері санайды.