Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде отбасылық той-жиын өткізудің 200-ден астам жайтын анықтады, деп хабарлайды облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
Полицейлердің айтуынша облыста шектеу шараларына қарамастан ережені елемейтіндер қатары көп. Мәселен, Келес АПБ-нің тәртіп сақшылары кафелердің бірінде қыз ұзату тойы өтіп жатқандығын анықталған.
Оқиға орнына мобильдік топпен полицейлер тез арада жетті. Тексеру кезінде тойға 50-ден астам адам жиналғаны белгілі болды. Осылайша кәсіпкер мен той иесі заңды белшесінен баса отырып, жалпыға ортақ ережені бұзғаны айқындалды. Нәтижесінде той тоқтатылып, құқық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша хаттама толтырылған, – делінген хабарламада.
Осыған ұқсас тағы бір жайт Отырар ауданында анықталған. Онда жергілікті тұрғын карантин режиміне қарамастан кафеде 60-қа жуық адам жинап, келін түсіріп, «Беташар» тойын өткізген. Той иесіне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара көрілді.
Жалпы бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы полицейлері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен «Халықтық санитариялық-эпидемиологиялық, гигиеналық талаптарын бұзу» 2889 жайтты тіркеді. Оның ішінде 217 адам отбасылық той-жиын өткізіп, ұйымдастырғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында 64-і «Беташар» болса, 36-ы «Қыз ұзату» тойлары.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарын сақтап, бетперде тағып, арақашықты сақтап, үнемі антисептик қолданып, адамдар көп болатын орындарға бармауға кеңес береді. Оған қоса, той өткізуге тыйым салынғанын естен шығармағайсыздар! Сондай-ақ аса қажеттілік болмаса сыртқа шықпаңыздар дей келе, түсіндіру жұмыстарына құлақ асуға шақырады.