Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан ең алғашқы салынған мектеп табылды

13 Тамыз 2020, 16:25
3884
Бөлісу:
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан ең алғашқы салынған мектеп табылды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан маңызды тарихи нысандар табылды. Бұл туралы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Ескі Түркістан қаласының көне Шахристан және ортағасырлық магистральды көше бойынан табылған тарихи нысандар тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік тұрғыда археологиялық қызығушылық тудыратын сенсациялық жаңалық.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік бөлігінде орналасқан Ескі Түркістан қаласының көне Шахристанынан керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары табылды. Олар XVIII-XIX ғасырларға тән, сирек кездесетін орындар.

Керуен сарайының қабылдау бөлмесі, ауласы, қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, "мүричә" деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар.

Ескі Түркістан қаласының көне Шахристаны XIX ғасырдың 1843-1849 жылдары Қоқан иелігі кезінде сыртынан қоршалған Тәкия қақпасы. Тәкия қақпасының түбінде қаланың Керуен сарайы орналасқан. Төрт қақпаның барлығының түбінде керуен сарайы болған. Сонымен бірге моншасы, кішігірім "мүричә" деген моншасы болған. Қазбадан табылған олжаны "Тәкия Керуен сарайы" деп атадық. Бұл жерде негізгі есігі арқылы қабылдау бөлмесіне кіретін болған. Қабырғаларында арнайы қуыстары көп, яғни мұнда келушілердің қымбат заттары сақталған. Қарама-қарсы бұрышта осы Керуен сарай басшысының кеңсесі орналасқан. Ал, ортадағы алаңға көше арқылы керуен келген. Ал, батыс бетіне түгел қойма салынған. Бұл қоймаға жүктерін түсіріп, сақтап отырған, - дейді, тарих ғылымдарының кандидаты, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері, археолог Марат Тұяқбаев.

Марат Тұяқбаевтың айтуынша, көлемі 35-40 метрдей болатын бұл құрылысты биыл табылған үлкен жаңалықтың бірегейі. Сондай-ақ, Тәкия қақпасына жақын жерден ашылған үлкен мектептің құрылысы да табылған. Бұл Түркістанда табылған алғашқы мектеп.
Бұл нысанды алғашқыда медресе ме деп ойладық. Түбегейлі зерттей келе ауласы ортасынан екіге бөлінген, ұлдар мен қыздарға арналған мектеп екенін анықтадық. Бұл жерде жас балалардың сауатын ашу үшін, тілін сындыру үшін оқу жүйесі болған. Мектепті бітіріп шыққан балалар медресеге түсетіні белгілі. Ұзындығы 40 метрден асады, ені 25-30 метрдей, ортасынан екіге бөлінген. Бөлмелердің барлығы құжыра бөлмелер, онда балалар жатып та оқыған, қалалық балалар қатынап та оқыған. Қала тұрғындары да, дала тұрғындары да ұл-қызын мектепке беріп оқытқан. Жақсы, үздік бітірген балалар "Ғалия" немесе Бұқара қаласындағы медреселерде оқуын жалғастырған. Бұл Түркістандағы мектептің ең алғашқысы, - деді Марат Тұяқбаев.
тас1.jpeg

Археологтар тапқан ерекше олжаларының бірі - керамикалық цех орны.

Ясауи кесенесі аумағында орналасқан қыш бұйымдарын дайындайтын кең ауқымды цех - Қазақстанда алғаш рет анықталған орынның бірі саналады. Мамандардың айтуынша, бұл жерде ыдыс-аяқ пен құрылыс кірпіштерін күйдіретін үлкен көлемдегі кешенді цех орны анықталған.
Археологиялық қазба жұмыстары барысында қыш бұйымдар дайындайтын цех табылды, мұнда ыдыс-аяқ пен құрылыс кірпіштері күйдірілген. Мұнда қазірдің өзінде әр түрлі үлгідегі 8 пеш орны қазылды. Үлкен көлемдегі керамикалық бұйымдар шығаратын орынның анықталуы сенсациялық оқиға деуге болады. Кешенде саз илейтін, ыдыс-аяқ жасайтын, кептіретін, күйдіретін, сақтайтын орындардың барлығы қарастырылған, - дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қызметкері, археолог Ерлан Қазизов.

Зерттеу нәтижесінде белгілі болғандай, көне Шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы да бірнеше бөлмеден тұрады. Емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.

тас2.jpeg

Сонымен қатар, Ясауи кесенесі мен Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеде де зерттеу жұмыстары жүргізілді. 620 метрді құрайтын бас көшенің бойында қазылған 170 метр аумақтың, ені 25 метрден тұратын 70 метр жері және қалған бөлігіндегі ені 5 метр тұратын жерлері зерттелді. Хан мешіті жанынан хандардың жеке намаз оқитын "махсура" бөлмесі мен әскери мұнаралар, мешіт мұнаралары мен қонақ қабылдайтын "мәлзел" бөлмесі анықталды. Жеті ата қақпасына дейінгі магистральды көшеден табылған кешенді құрылыстар XV-XVI ғасырларға тиесілі.

тас4.jpeg

Сондай-ақ, көше бойындағы XVIII-XIX ғасырға тән ғимараттардың есіктерінің жолға қаратылып салынған. Яғни, көшенің көпшілікке қызмет көрсететін қоғамдық орын, яғни дүкен, асхана болған.
2004 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. Оның басты мақсаттарының бірі - халықтың бай мәдени мұрасы арқылы қазақстандықтардың ұлттық сана сезімін дамыту мен бекіту, ұлттық рухани қазынасын ашу.
Соңғы жылдары археологтардың жұмысы еселене түсті. Оған айғақ - үшінші жылға созылған қазба жұмыстарының соңғы күндері індет туралы ести-ести әбден шаршаған халқымызды селт еткізер сүйінші жаңалықтарымен қуантуы. Тарихымызға қажетті әрі құнды деректер табылуда. Кешегі күні қабылданған "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің бес жылдық даму тұжырымдамасында ескерткіштерді сақтау, туризмді дамыту, археологиялық зерттеу сияқты жұмыстар аталған құжаттың басты мақсаты болып белгіленген. Бұл құжат ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан мақұлданып, ендігі кезекте игілікті істердің атқарылуына мұрындық болып отыр. Әрине атқарылған шаруа аз емес, бірақ атқарылар шаруа одан да көп. Сондықтан, Ұлы қазақ даласында өмір сүрген халықтың мәдени игілігін зерттеу, сақтау тұрғысындағы жұмыстар жалғасатын болады, - деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
тас5.jpeg

Көне Түркістан қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты және "Қазқайтажаңарту" мекемесі мен "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғалым, тарихшы, археолог мамандары жүргізуде.
"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің территориясында "Күлтөбе" атауымен ашылатын археологиялық паркке дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, "ERG" компаниясының демеушілігімен 2019 жылы басталып, 3 жылға жоспарланды. Археологиялық және қалпына келтіру жұмыстарын Қазақ ғылыми зерттеу институты жүргізіп келеді. Былтырғы жылы "Күлтөбе" қалашығында жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесінде 13-14 ғасырларға жататын көше, көше бойындағы тұрғын үйлер мен шеберхана құрылыстарының орындары ашылды. Биылғы жылы сол құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жұмысымызды лабораторияда жалғастырмақпыз. Мақсатымыз ашылған құрылыс орындары мен табылған жәдігерлерді ғылыми тұрғыда зерттеп, тарихи мұраларды "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тапсыруға дайындау болмақ, -  дейді Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының археологы Айсұлу Ержігітова.
тас6.jpeg

Мамандардың пікірінше, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі айналасындағы тарихтың таңғажайып сырлары әлі алда. Алдағы уақытта да жүргізілетін зерттеу жұмыстары көптеген тарихи жұмбақтың бетін аша түспек.


Өзгелердің жаңалығы