Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында "Atameken Academy" платформасында "Бастау" жобасымен онлайн режимде кәсіпкерлерлікке оқыту басталды. Облыстың 16 ауданы бойынша қатысушыларға Палатаның 14 бизнес-тренерлері кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, кеңес береді.
Биыл облыс бойынша 3100 адамды оқыту жоспарланған. Онлайн оқыту 5 кезеңнен өтетін болады. Бұл туралы Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі мәлімдеді.Бірінші кезеңде Atameken Academy және Openstudy.kz сайттарында тіркелген қатысушылар әр топқа бөлініп, 12 модуль бойынша 50 бейне-сабақты игеріп, 12 тестіден өтеді. Кәсіпкерлік негіздері жөніндегі курс ауқымы кең, атап айтқанда әлеуетті жобалардан бастап, бизнесті әлеуметтік желілер арқылы ілгерілету, мерчендайзер негіздері, қаржылық сауаттылық, жобаларға инвестиция тартуға дейінгі және басқа да бағыттарда өз білімдерін арттыратын болады, - деді облыстық Кәсіпкерлер палатасы баспасөз хатшысы Айкөз Сыздықова.
Курсты тиімді қабылдау мақсатында бейне-сабақтар, слайдтар, таныстырылымдар, сонымен қатар салалық сарапшылардың қатысуымен вебинарлар, технолог мамандардың қатысуымен шеберлік сабақтар қарастырылған. Әр жаңа тақырып тыңдаушының өзіндік жұмысымен тиянақталады. Жеке қабілетті сынау үшін онлайн-скоринг қарастырылған. Әр туындаған мәселе бойынша қатысушы өз бизнес-тренеріне жүгіне алады.
Биылғы жылы жобаны жүзеге асырудың ерекшелігі, Бизнес-тренерлердің қолдауы тек түлектердің бизнес-жобаларын қаржыландырумен шектелмейді. Бизнес-тренерлер мен Кәсіпкерлер палатасы тыңдаушылардың жобаларын өндірістік-өткізу тізбектеріне орналастыру үшін сүйемелдейтін болады. Бұл дегеніміз кәсіпкерлер өз өнімдерін немесе қызметтерін қайда өткізетінін ойлап, алаңдамайтын болады.
Қазіргі таңда жобаның бизнес-жаттықтырушылары әр ауданның ерекшелігіне сәйкес аймақтарда нарықтық зерттеулер өткізіп, "Бастау" жобасының түлектерімен әрі қарай ынтымақтастық орнату үшін 50-ден астам кәсіпорынмен келіссөздер жүргізді.