Түркістан облысында заңсыз дәрі сату деректері анықталды

15 Шілде 2020, 19:52
2338
Бөлісу:
Түркістан облысында заңсыз дәрі сату деректері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында полицейлер заңсыз, үстеме бағамен дәрі сатудың 20-ға жуық жайтын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлерінің қатысуымен облыс көлемінде карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, сұранысқа ие болған дәрілерді жоғары бағамен сатқан дәріхана қызметкерлері мен тұрғындарды анықтау мақсатында рейдтер жалғасып жатыр.

Іс шара барысында тәртіп сақшылары 5 шілдеден бастап 19 заңсыз жайтты анықтап, тіркеді, оның ішінде: Белгіленбеген орында дәрі-дәрмек сату – төрт жайт болса, дәріханада қымбат бағамен дәрі-дәрмек сатудың 15 жайты анықталды. ӘҚБтК-мен екі жайтқа хаттама толтырылды. Түркістан облысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне 17 жайт жолданды.

Облыс көлемінде тіркелген 19 жайтқа байланысты айғақты зат ретінде: 1500-ге жуық дәрі-дәрмек, 4982 бетперде, 10 қолғап алынды.

Атап айтқанда, Жетісай қаласы Ынтымақ ауылы Көрікті көшесінде орналасқан “Мерей” дәріханасының сатушысы 10 дана медициналық бетперде бағасын 100 теңгеден
/бекітілген баға 60 теңге/, бес дана аскорбин қышқылын 200 теңгеден /бекітілген баға 60 теңге/, екі дана “Ринза” 600 теңгеден /бекітілген баға 500 теңге/, “Нимесил” 4300 теңгеден /бекітілген баға 3300/, екі дана “Цитромон” 200-теңгеден /бекітілген баға 60 теңге/, бес ампула “новокаин” бағасы 50 теңгеден /бекітілген баға 40 теңге/, бес дана “Цефриаксон” бағасы 500 теңгеден /бекітілген баға 300 теңге/ сату барысында ұсталды.

Бұл дерек Жетісай АПБ-нің тіркеліп, заңдылығын тексеру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасына жолданды.

Одан бөлек, Зерделі елді мекені Түркебай көшесіндегі тұрғынның есік алдында орналасқан азық-түлік дүкенінде заңсыз дәрі-дәрмек препараттарын сату жайты анықталды. Полицейлер жедел-іздестіру шарасы барысында айғақтық зат ретінде “Нол Грипп”, “Кетанов”, “Тетрациклин”, “Платимазол”, “Димидрол”, “Мезим”, “Тайлол хот” және т.б дәрі-дәрмектерді алды. Ал Төлеби ауданы Зағамбар ауылының орталық көшесінің бойында орналасқан дәріхананың сатушысы азитромицин 500 мг, аспирин, “парацетомол”, “ксон” дәрісі, “долана тұндырмасы” дәрісі, “мезим форте” дәрілерін қымбат бағамен сату барысында ұсталды. Дәріхана сатушысы өз түсініктемесінде жеке басының пайдасы үшін аталған дәрілерге үстеме ақша қосып сатқанын мойындады.

Бұл жайт Төле би АПБ-не тіркеліп, заңдылығын тексеру үшін тиісті басқармаға жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы полицейлері тарапынан өз жалғасын таппақ. 

Өзгелердің жаңалығы