Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төлеби ауданы, Қасқасу елді мекенінде 3 көпір екі тәуліктің ішінде қалпына келтірілді. Зақым келген тағы бір көпір қысқа уақытта реттелмек. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір көліктердің жүруіне ешқандай қауіп жоқ. Күні-түні жүргізілген тынымсыз жұмыстың арқасында қысқа мезгілде өткелдер толық ретке келтіріліп, ауылдардың байланысы ашылды. Елді мекендерде электр энергиясы және табиғи газбен қамту жағдайы да тұрақты.
Сонымен қатар Төлеби ауданының Қасқасу, Кенесарық, Қосағаш, Екпінді, Біркөлік, Киелітас, Достық және Леңгір қаласының аумағында орналасқан елді мекендерінде жиналған жаңбыр суынан тазалық жұмыстары тынымсыз жүргізілуде. Тасқын судан зақым келген аудандық және облыстық маңызы бар көшелерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, келтірілген залал шығындары есептелуде, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, нөсер жауынның салдарынан Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 250 тұрғын үйлердің ауласын су шайған. Орын алған жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайға байланысты, жедел штаб құрылып, су басқан елді мекендерде тиісті жұмыстарды атқару үшін 4 сектор белгіленген болатын. Атап өтер болсақ, судан келтірілген залалды жою міндеті Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарына бекітілді.
Су басқан аймақтарды ретке келтіру жұмыстарына 300-ге жуық адам, 27 мотопомпа, 38 техника жұмылдырылған.