Түркістан облысында қоғамдық орындар мен нысандар өз жұмысын бастады

3 Маусым 2020, 03:45
1019
Бөлісу:
Түркістан облысында қоғамдық орындар мен нысандар өз жұмысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында 1 маусымнан бастап қала және ауыларалық көлік қатынасы іске қосылды. Сондай-ақ карантин режимін сақтай отырып, қоғамдық орындар мен нысандар өз жұмысын бастады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қоғамдық тамақтану орындарының (50 орынға дейін) ашық жазғы алаңында сағат 10.00-ден 22.00-дейін адамдарды қабылдауға рұқсат берілген.

Күшейтілген санитариялық дезинфекциялау режимін сақтай отырып, мына мекемелер өз жұмысын бастады: СПА орталықтар, монша, бассейндер, жағажайлар, халыққа арналған спорт кешендері, фитнес орталықтар, санаторий-курорттық мекемелер, демалыс үйлері, көрерменсіз мәдениет және спорт мекемелері, теміржол мен автовокзалдар, автостанциялар, ХҚКО және жұмыспен қамту орталықтары, ұлттық компаниялар. Әлеуметтік қашықтық пен маскалық режимді сақтай отырып саябақта, алаңдар мен скверлерде, жағалауларда серуендеуге рұқсат берілді. Сондай-ақ санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, діни нысандар да ғимаратты 30%-ға дейін ғана толтырып өз жұмысын бастай алады, - деді Нұрбек Садықбекұлы.

Айта кетерлігі, мекеменің штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болған жағдайда жұмысшыларының кемінде 50 пайызы қашықтықтан жұмыс істеу режимінде қалады. Өз жұмысын қайта бастаған нысандарда санитарлық-дезинфекциялық және санитарлық-карантиндік іс-шаралардың сақталуына мониторинг жүргізу жалғасады. Облыс аумағында маска кию режимі сақталады.



Өзгелердің жаңалығы