Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен 2019 жыл жастар жылы болса, биыл соның сабақтастығы ретінде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды "Еріктілер жылы" деп жариялады. Бүгінде Түркістан облысында 14-29 жас аралығындағы жалпы саны 508 346 жас бар.
Жыл басынан бері облыста "Жастар ресурстық орталығының" ұйытқы болуымен волонтерлер тобы бірнеше қайырымдылық шараларын жасап үлгерді.
Сол акцияның бірі – "Мейірім шуағы". Ең алдымен еріктілерден құралған жастар қала шаруашылығы мен құрылыс саласында жүрген жұмысшыларға көмек көрсетті. Бұдан бөлек, еріктілер қоғамдық көлік арқылы құрылысы
қарқынды жүріп жатқан орындарға барып, қақаған күннің суығына қарамастан жұмыс істеп жатқан құрылысшылар мен жұмысшыларға ыстық шай мен кофе үлестірді. Тәтті бәліштер таратып, олардың көңіл-күйлерін көтеріп қайтты.
Сонымен қатар, ерікті жастар тобы көше сыпырып, қоқыс жинап, қар күреп жүрген жұмысшыларға да қолғабысын тигізді. Бұл "Таза әлем" жобасы бойынша жалғасын тапқан мейірім шарасы.
Себебі, қала тазалығына жауапты жұмыскерлер өздерінің жұмыс күнін таңның қараңғысынан бастайды және олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан еңбек етеді.
Орталықтың бастамасымен өткізіліп жатқан барлық акцияның мақсаты – жастарымызды үлкендерді құрметтеуге, өздерін қоршаға ортаға деген сүйіспеншілікті арттыру, қала тазалығының ұқыпты болуына атсалысуды тереңінен сезіндіру. Бұл шара әдеттегідей жылда облысымыздың әртүрлі аудан, қалаларында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Облысымызда туған еліне, жеріне жанашыр ерікті жастардың көптігі қуантады, - дейді Түркістан облыстық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің басшысы міндетін уақытша атқарушы Жұлдызхан Балтабаева.
Бұдан бөлек, түркістандық жастар #Bizbirgemiz атты челленджді де біруыздан қолдай кетті. Өйткені, Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен астаналықтар қолдаған #Bizbirgemiz челленджін бастаған еді. Осыған орай, Түркістан облысының еріктілері "Сабақтастық" жобасы шеңберінде ерекше күтімді қажет ететін балаларды қуантуды қолға алды.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының "Жастар ресурстық орталығының" ұйымдастыруымен "Жүректен – жүрекке" акциясы өткізілді. Ерікті жастар киелі қаладағы көмекші мектеп-интернатта тәрбиеленіп жатқан ерекше балаларды да ұмыт қалдырмады.
Шараға киелі қаладағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының "Тарлан" вокалды аспаптар ансамблі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің "Актерлік шеберлік" бөлімінің студенттері мен NGL еріктілер мектебінің мүшелері қатысты.
Еріктілер тобы ерекше балаларға арнап қызықты концерттер мен сахналанған қойылымдар көрсетті, пародия, қуыршақ бейнелері арқылы бүлдіршіндерге шат-шадыман көңіл-күй сыйлай білді.
Осы қайырымды шарада ерікті жастар тәрбиеленушілерге тәттілер мен түрлі жеміс-жидектер таратты. Түркістан қаласындағы аталған көмекші мектеп-интернатта 22 сынып бар, мұнда 1-9 сынып аралығында 181 оқушы білім
алып жатыр.
Қайырымдылыққа негізделген шарадан кейін Түркістан облысының белсенді жастары #Bizbirgemiz ұранды сөздері жазылған үндеу видеоны аймақтың өзге де аудандары мен қала орталықтарына, сондай-ақ жас мегаполис Шымкент қаласына және Жамбыл, Қызылорда облыстарына да жолдады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша тіркелген еріктілер саны бес мыңға жуықтаған.