Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Жетісай ауданында 12 мың гектар жерге бақша дақылдары отырғызылды. Оның 8400 гектарына – қауын, 3600 гектарына – қарбыз егілді. Егістік алқаптарында 15-ке жуық бригада құрылып, 10 мыңға жуық аудан тұрғындары еңбек етуде.
Соның бірі бақша дақылдарын еккен «Аман» шаруа қожалығы. Қазір онда 10 гектар егістік алқабына 63 мың дана «Аэропорт» қауын көшеттерін отырғызу жұмыстары жалғасуда. Айта кетерлігі, қауын дақылы биологиялық табиғи тыңайтқыштардың көмегімен өсірілетін болады. Яғни бұл егістік алқапқа химиялық тыңайтқыштар мүлдем қолданылмайды. Осы мақсатта 10 гектар алқапқа күзді күні 70 жүк көлігімен көң тасталынған. Бұл өз кезегінде таза экологиялық өнім алуға сеп болмақ. Өйткені, өңірімізде табиғи таза өнімдерге деген сұраныс жыл санап артып келеді.
Жалпы биыл Жетісай ауданында 25 мың гектар егістік жерге бақша дақылдары егіледі деген болжам бар. Әзірдің өзінде 1200 гектар алқапта қырыққабат дақылы пісіп жетілгелі тұр. Енді 5-10 күнде алғашқы қырыққабат өнімдері көрші Ресей елі мен еліміздің солтүстік облыстарына жөнелтілетін болады.
Бұдан бөлек, аудан шаруалары бір жерден екі рет өнім алу үрдісіне бейімделген. Бұл өз кезегінде егістік алқабын тиімді пайдалануға әрі табыс көзін едәуір ұлғайтады.