Түркістан: Науқастармен жақын қарым-қатынаста болған 380 адам анықталды

4 Сәуір 2020, 13:05
1400
Бөлісу:
Түркістан: Науқастармен жақын қарым-қатынаста болған 380 адам анықталды

Түркістан облысы, BAQ. KZ тілшісі. Бүгін Түркістан облысында коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдайға орай онлайн форматта шұғыл брифинг болып өтті. Брифингте облыс бойынша қазірге дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған 23 адам расталғаны айтылды.

Атап айтқанда, Жетісай ауданында - 11, Кентау қаласында 2, Арыс қаласы - 1, Ордабасы - 1, Сарыағаш - 1, Мақтаарал - 4, Сайрам ауданында – 2 адамнан вирус анықталды. Олар осыған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен байланыста болған.

Өздеріңіз білесіздер, елімізде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты 4 өлім жағдайы тіркелді. Олар осыған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен байланыста болған. Аталған азаматтармен байланысы болғандар анықталып, оқшаулау жұмыстары жүргізілуде. Бүгін таңертең коронавирус індетінен Жетісай қаласының 1956 жылғы азаматы қайтыс болды. Ол Алматы облысының Қарасай ауданында бір ай қонақта болған. 26 наурыз күні ауруханаға ыстығы көтеріліп келген. Аурухананың терапия бөлімінде ем қабылдайды. Жағдайы нашарлағаннан кейін сынамалар алынып, анализі оң нәтиже берген. 29 наурызда инфекция бөлімшесіне ауыстырылады. Сол уақытта Алматыда болғанын жасырған. Науқаспен болған барлық байланысты тексердік. Онымен 25 адам жақын қарым-қатынаста, 40 ықтимал адамды анықтадық. Науқастың пневмония тыныс алуы қиындығы анықталды. Қосалқы гипертония және қант диабеті ауруы болған. Барлық сынамалар алынып, емдік шаралары жүргізілді. Өкінішке қарай, науқастың жағдайы нашарлап, таңертең көз жұмды. Науқас 15 наурыз күні Алматы қаласынан келгенін жасырған, - деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Салтанат Жамалова.

Бүгінде облыста науқастармен қарым-қатынаста болған барлық ошақтарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстың бас санитарының айтуынша, аталған ошақта науқастармен 380 адамның қарым-қатынаста болғаны мәлім болды.

Әріптесім айтқандай, өңірде 23 індет тіркелді. Осы індеттер екі жағдайда Алматы және Нұр-Сұлтан қаласынан келген науқастардан жұқтырған, ал қалған аурулардың барлығы қарым-қатынас арқылы жұққан жағдайлар болып тіркеліп отыр. Барлық тіркелген ошақтарда эпидемиялық зерделеу жұмыстары дер кезінде қамтылып, залалсыздандыру қызметкерлерінің күшімен дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Осы анықталған ошақта қазіргі таңда 380 адам қарым-қатынаста болған, оның ішінде жақын қатынаста болғаны - 270, шұғыл - 170 жағдай анықталып, барлығы дәрігердің бақылауына алынып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда қарым-қатынаста болған адамдардың барлығының жағдайлары қалыпты. Азаматтардан өтінеріміз, барлық санитарлық-нормативтік ережелердің қатаң сақталуын, мамандардың айтқан кеңестерін дұрыс түсініп, ұсынылған, берілген нұсқауларды қамтамасыз етулеріңізді сұранамыз, - деді Түркістан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.


Өзгелердің жаңалығы