Түркістан: Келес ауданында балық өсірумен 4 бірдей шаруашылық айналысуда

27 Тамыз 2020, 05:42
1428
Бөлісу:
Түркістан: Келес ауданында балық өсірумен 4 бірдей шаруашылық айналысуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту ісі жолға қойылған. Мысалы, Келес ауданында балық шаруашылығымен айналысатын 4 шаруашылық жұмыс жүргізуде. Олардың барлығы да соңғы технологиялармен жабдықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Соның бірі – Қошқарата ауылдық округінде орналасқан "Жақсылық жасау" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.

Мекеме басшысы кооператив негізін 2018 жылы қалап, құны 250 млн теңге болатын жобаны іске қосқан. Бұл қаржының жартысын, яғни 125 млн теңгені Үкімет тарапы субсидия ретінде бөлген. Мемлекеттің қолдауының арқасында кооперативтің тасы өрге домалап, шаруашылық күннен-күнге өркендеп жатыр. Сумен қамту жөнінен де ешқандай қиындықтар жоқ. "Ұшқын" елді мекеніндегі 250 гектар аумақтағы балық өсіретін аймаққа су Ащы каналынан келеді.

Шаруашылықта жергілікті ауыл тұрғындарынан 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты бүгінде 6 адам жұмыс істеуде. Олар балықты ұрықтандыру, ұрығы мен уылдырығын алу технологияларын жетік меңгерген. Кооператив басшысы алдағы уақытта қызметкерлер санын қайта көбейту мен шаруашылық қуаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.

Балық өсіру шарбағында 15 мыңға жуық балық бар. Қазіргі көрсеткіш жоспардағыдан әлдеқайда төмен. Себебі мұнда әлі құрылыс жұмыстары толықтай бітпеген. Жұмыстар толықтай біткен соң бұл шаруашылық мемлекет деңгейіндегі импорттық және экспорттық тауар шығаратын кәсіптік нысан болып, ішкі экономиканың дамуына үлкен көмегін тигізері анық.

Өзгелердің жаңалығы