Түркістан қаласында 49 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды

9 Маусым 2019, 08:51
3441
Бөлісу:
Түркістан қаласында 49 сайлау учаскесінде дауыс беру басталды
Фото: автордан

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті сайлауына Түркістан қаласы бойынша 49 учаскелік сайлау комиссиясы мен 2 жабық учаске таңғы сағат 06.00-де өз жұмысын бастап кетті.

 

Түркістан қаласында 107 186 сайлаушы бар. Олардың бәрі өз учаскелеріне бөлінген. Қазіргі таңда әр учаскеде сайлаудың өту барысын бақылайтын сенімді өкіл, бақылаушы, шетелден келген бақылаушылар тіркеліп жатыр. Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясынан 47 бақылаушы, Қазақстан коммунистік халық партиясынан 46 бақылаушы, Өзбекстаннан 3 бақылаушы учаскелерде тіркелуде. Сонымен қатар, шетелдік миссиямен келген ШЫҰ, ЕҚЫҰ бақылаушылары бұған дейін учаскелік комиссияның сайлауға дайындығы туралы тексеріп кеткен.

Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғазы Арысбековтің айтуынша, 5 маусым күні 107500 бюллетень әкелінген.

«Кеше 8 маусымда құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен барлық бюллетеньдер актімен учаскелік сайлау комиссияларына жеткізілді. Қазіргі таңда дауыс беруге дайын. Егер де сіз білмей қалып, бюллетеннен даусыңызды анықтау мүмкін болмаған жағдайда айтып, қайтадан алуға құқығыңыз бар. Ал ол жарамсыз бюллетень ретінде жойылады», - дейді Серғазы Ақтөреұлы. 

Осы жолғы сайлауда барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды сайлауға тарту ерекше жолға қойылды. Әрбір сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы кабинеттер жасақталған. Олардың ішіне көзі көрмейтіндер үшін брайль әріптері орнатылды.

«Түркістан қаласында Халыққа қызмет көрсететін 2 орталық бар. Осы орталықтарға 49 учаске бөлініп берілді. Мәселен, кейбір дауыс берушілер тізімде жоқ болып қалған жағдайда өзінің тұратын жеріне жоқ екендігі туралы өтініш жазып, ЖСН көрсетеді. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы азаматтың сол мекенжайда тұратыны дәлелденсе, ол келіп дауыс бере алады. Мұнда сайлауға келген адамдарға «сіз жоқсыз» деген әңгіме айтылмайды. Себебі, барлық сайлаушы өз құқы мен таңдауын білуі қажет. Қаладағы барлық сайлау учаскелері таңғы сағат 06.00 ашылып, 07.00-де Әнұранмен басталды. Кешкі сағат 20.00 болған кезде барлық бақылаушыға уақытты көрсетіп, есікті жабады. Үлгере алмай қалғандар есіктің сыртында қалады. Ал іште қалғандарға дауыс беруге мүмкіндік беріледі. Сайлаудан кейін 12 сағаттың ішінде барлығын санап үлгереді», - дейді Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы. 

Айта кетейік, Түркістан қаласы бойынша сайлау учаскелеріне «Нұр Отан» партиясынан 85, «Ақ жол» партиясынан 47, «Ұлт тағдыры» қозғалысынан 25 сенімді өкіл тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы