Түркі елдерінің жаңа инновациялық қоры құрылады

17 Мамыр 2019, 11:01
2464
Бөлісу:
Түркі елдерінің жаңа инновациялық қоры құрылады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Түркі елдері іскерлік кеңесінің кезекті отырысында белгілі болды.

Жиында сөз алған Қырғыз Республикасы Сауда-экономикалық палатасының вице-президенті Нұрлан Мұсұрәлиев келешекте Түркі елдерінің бизнес өкілдері арасында кездесетін коммерциялық проблемаларды шешуді реттеу керек екенін атап өтті.

«Бұл палатының құрылуы Түркітілдес елдерінің сыртқы экономикалық қызметінің дамуына, бизнес өкілдерінің алға дамуына ықпал етеді. Кеңеске мүше елдер өз бизнес өкілдерінің бастамаларын ортаға сала алады. Сауда-экономикалық, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ІТ секторды дамыту барысында өзара тәжірибе алмасуды қолға алу керек. Осы кеңес аясында коммерциялық мәселелерді шешуді реттеу керек. Сонымен қатар, Түркияның кәсіпкерлерді кадрларды даярлау және қайта даярлау тәжірибесі мол. Біз де өз кәсіпкерлерімізді Түркияға жібере отырып, тағылымдамадан өткенін қалаймыз. 21 ғасырда жасанды интеллект қатты дамып, адами күшті роботтар алмастырып жатыр. Бізге техногенді даму революциясына қарай дайын механизмді дайындау керек», - деді ол. 

Қырғызстан – қазір Түркі елдері кеңесінің төрағасы. Келесі саммит Бакуде өтеді. Содан кейін кеңеске Әзербайжан төрағалық ететін болады.

Ал Әзербайжан Ұлттық кәсіпкерлер (жұмыс берушілер) конфедерациясының президенті Мамед Мұсаев Түркітілдес елдердің жаңа инвестициялық қорын құруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Түркітілдес елдердің Сауда-өнеркәсіптік палатасы шетелдік инвестицияны тартуға зор ықпал етеді. Іскерлік ынтымақтасты, бизнес интеграцияны жаңа сатыға көтере алады. Біздің елімізде өтетін Түркі кеңесінің бизнес форумында Түркітілдес елдердің жаңа инвестициялық қорын құруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан біздің бүгінгі құжатымыз Түркітілдес елдерінде орта және шағын бизнес, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға және тағы басқа салаларда өзара ынтымақтастық орната отырып, дамуға серпін береді», - деді Мамед Мұсаев.

Бұған дейін Астана экономикалық форумы аясында Түркі іскерлік кеңесінің аясында Түркі елдерінің Сауда-өнеркәсіп палатасы жарғысына қол қойылғанын хабарлаған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы