Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

26 Желтоқсан 2019, 11:25
3620
Бөлісу:
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшылығының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шара барысында банктің 2019 жылдағы жұмыс нәтижелері жайында сөз қозғалды.

Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын несие мөлшерлемесі тиімді болғандықтан, ондағы жинақтау шоттарына деген сұраныс жоғары деңгейде екенін атап өткен жөн. Баспаналы болуға ниет білдірген банк клиенттері тұрғын үйдің бастапқы жарнасына қажетті қаражатты жинақтай отырып, өздерінің болашақ баспаналарын жылдық 2-8,5% мөлшерлемемен несиеге алуға мүмкіндіктері бар.

Бір жылдың ішінде осы мүмкіндікті 48 414 қазақстандық отбасы пайдалануы да жоғары көрсеткіш екенін атап өту керек. Банк қызметін пайдалану арқылы күн сайын кем дегенде 160 салымшы қоныс тойын тойлап, шаттыққа кенелуде. Күні бүгінге дейін өзгенің босағасында күнелткен отбасылар үшін бұл зор қуаныш екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Банк басшылығы таратқан мәліметке сәйкес, 2019 жылдың қорытындысы бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің несиелік портфелі 1 триллион теңгені құрайды. Бұған қоса, банк салымшылары депозиттеріне тұрақты түрде қаражат жинақтауда. Бұған төменгі деңгейдегі NPL дәлел (90 күннен асқан мерзімі өткен займдар). Қазір бұл көрсеткіш 8%-дық орташа банктік деңгеймен салыстырғанда 0,18%-ға тең.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк екені баршаңызға белгілі. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің нәтижесінде әрі банк өнімдері қолжетімді болғандықтан, халықтың біздің банкке деген сенімі күн санап артып келеді. Бұл біз үшін зор қуаныш. Әрі зор жауапкершілік. Біздің мекеме жыл басында алдын ала жоспарлаған мақсат-міндеттерін толыққанды орындап шықты деп ауыз толтырып айта аламыз. Атап айтқанда, биыл аса маңызды мемлекеттік міндеттердің бірі – табысы төмен отбасыларға арналған "Бақытты отбасы" бағдарламасын дайындап, іске қостық. Бүгінгі күні 4 053 отбасы қоныс тойын тойлап, шат-шадыман күйге бөленуде. Сондай-ақ, 736 отбасы өтінімдері бойынша оң шешімге қол жеткізіп, өздерінің көңілінен шығатын үйді іздестіруде. Бұйыртса алдағы уақытта мыңдаған балапанның шат күлкісі өзгенің емес, өз үйінен шығатын болады. Өмірге келген әрбір бала өз үйінде өсуіне біз тілектеспіз, - деді өз сөзінде банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Күлімхан Шахтыбекқызы атты көпбалалы ана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің "Бақытты отбасы" бағдарламасы арқылы Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтерге қол жеткізгеніне дән риза.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қолдауымен екі бөлмелі пәтердің иесі атандым. Бұл да болса балаларымның несібесі. Енді біз шынымен де бақытты отбасымыз, - дейді қуанған ана.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің халыққа ұсынатын әрбір бағдарламасының өзіндік орны мен ерекшелігі бар екені белгілі. Банк тарапынан қазіргі таңда халықтың игілігі үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, биылғы жылы "Бақытты отбасы" бағдарламасының талаптарына сәйкес келмеген отбасылар "Нұрлы жер" бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды. Әрбір алтыншы несиені осы бағдарлама аясында берген банк 2019 жылы 8000 отбасыға пәтер кілтін табыстады.

Сонымен қатар, банк биылғы жылы  "Әскери баспана" тұрғын үй бағдарламасының жаңартылған шарттары бойынша әскери қызметкерлерге арнап 3 811 займ берді. Бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өз жобасы екендігін айрықша атап өтуге тиіспіз. Өйткені, бұл жобаға бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбеген. Банк шамамен 100 млрд теңге көлемінде өзінің жеке және нарықтан түскен қаражатын пайдалана отырып, екі жылдың ішінде 6 592 әскери қызметкердің баспаналы болуына мүмкіндік туғызған. "Әскери баспана" тұрғын үй бағдарламасы - елінің тыныштығы үшін жан аямай жұмыс істеп жүрген бейбіт күннің әскерлеріне жасалған зор қамқорлық екені сөзсіз. Әскерилер өзінің жайлы шаңырағында отбасымен бірге қолайлы өмір сүргенде ғана, халқы үшін қалтқысыз қызмет етері анық.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары биылғы жылы өз депозиттерінде 771,2 млрд теңге көлемінде қаражат жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізуінің өзі банктің жылды зор жетістікпен аяқтағанының айқын көрінісі десек артық айтқанымыз емес.

Сондай-ақ, жиын барысында сөз алған банктің басқарма төрағасының орынбасары Әлия Айдарбекова Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алдағы 2020 жылдан бастап "Әйелдер ипотекасы" атты жаңа бағдарламаны іске қосатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тұрғыда "Азия даму банкімен" тиісті шарттарға қол қойылды. Аталмыш банк "Әйелдер ипотекасы" бағдарламасын жүзеге асыруға 38 млрд теңге бөлмек.

Ал шара аясында сөз алған банктің басқарма төрайымының орынбасары Әділет Қожанбаев Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз салымшыларына сапалы қызмет көрсету мақсатында бизнесс-процесстерді оңтайландыру үшін үздіксіз жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етті. Қарқынды жұмыс нәтижесінде банк 2023 жылға қарай қызметтің 70%-ын онлайн-режимде ұсынбақ.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әрбір жаңа бағдарламасы арқылы халыққа жақындай түскенін көзі қарақты халық аңғарып отыр. Әрбір бағдарламаның - мақсаты біреу ғана. Ол - халықты баспанамен қамтамасыз ету. Банктің алға қойған игі мақсаттарына жетуіне шынайы тілектестік білдіреміз. Өйткені, бізге әр отбасының өзгенің емес, өз баспанасында өмір сүргені ауадай қажет.


Өзгелердің жаңалығы