- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Сюй Тао: Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары Қазақстан–Қытай ынтымақтастығын жаңа технологиялық кезеңге шығарды
Сюй Тао: Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары Қазақстан–Қытай ынтымақтастығын жаңа технологиялық кезеңге шығарды
19 Шілде 2026, 12:20
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін айқындаған маңызды саяси оқиға болды. Мемлекет басшысы Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына және Жасанды интеллектіні жаһандық басқару жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске қатысып, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерімен қатар цифрлық экономика, жасанды интеллект, инновациялар, жоғары технологиялар, көлік-логистика, энергетика және жаһандық басқару салаларындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге уағдаласты. Бұл Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының мазмұны өзгеріп, дәстүрлі сауда мен инфрақұрылымдық жобалардан ғылымға, технологияға және бірлескен өндірістерге негізделген жаңа модельге көшіп жатқанын көрсетеді.
Президент Тоқаевтың жұмыс сапарының маңызы неде? Неліктен жасанды интеллект екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағытына айналып отыр? Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хаб бола ала ма? Осы сауалдарға ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Еуразия әлеуметтік зерттеулер институты директорының орынбасары Сюй Тао жауап берді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапарының стратегиялық маңызын қалай бағалайсыз?
- Менің ойымша, бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңін бастаған маңызды оқиға болды.
Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістерді бастан өткеріп отыр. Халықаралық қатынастар жүйесі қайта қалыптасуда, жаһандық экономиканың құрылымы өзгеруде, ал жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналды.
Осындай жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жұмыс сапары ерекше маңызға ие. Бұл кездесу екі мемлекеттің өзара сенімі бұрынғыдан да нығайғанын және ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарының үндес екенін көрсетті.
Екі ел басшылары ынтымақтастықтың дәстүрлі бағыттарын сақтай отырып, болашақтың жаңа күн тәртібін қалыптастырды. Егер осы уақытқа дейін Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың негізін энергетика, инфрақұрылым және сауда құраса, ендігі кезеңде цифрлық экономика, инновациялар, жасанды интеллект және жоғары технологиялық өндірістер негізгі басымдыққа айналып отыр.
Бұл – екіжақты қатынастардың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенінің нақты көрінісі.
- Қазақстан 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл шешім екі ел арасындағы ынтымақтастыққа қандай серпін береді?
- Меніңше, бұл сапардың ең маңызды нәтижелерінің бірі – жасанды интеллект тақырыбының алғаш рет мемлекет басшылары деңгейіндегі келіссөздердің өзегіне айналуы болды.
Бұл кездейсоқ емес. Бүгінде әлемдегі экономикалық өсімнің негізгі драйверлері – цифрлық технологиялар, инновациялар және білімге негізделген өндірістер.
Қазақстанның Цифрландыру және жасанды интеллект жылын жариялауы елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады. Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуды көздеп отыр.
Бұл мақсатқа жету үшін халықаралық технологиялық әріптестік шешуші рөл атқарады. Қытай бүгінде жасанды интеллект, үлкен деректер, бұлтты технологиялар, интеллектуалды өндіріс және цифрлық платформалар саласында әлемдегі жетекші мемлекеттердің бірі саналады.
Сондықтан Қытайдың технологиялық тәжірибесі Қазақстан үшін ерекше маңызды. Әңгіме тек технологияларды пайдалануда емес, кадр даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық экожүйе қалыптастыру және бірлескен ғылыми орталықтарды дамыту туралы болып отыр.
Менің ойымша, дәл осы бағыт екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сапасын айқындайды.
- Сапар барысында қол жеткізілген келісімдердің практикалық маңызы қандай?
- Бұл келіссөздердің басты ерекшелігі – олардың нақты экономикалық мазмұнға ие болуы.
Тараптар сауда құрылымын жетілдіруге, трансшекаралық электрондық коммерцияны дамытуға, қызмет көрсету саласындағы сауданы кеңейтуге және жоғары технологиялық өндірістерге инвестиция тартуға ерекше назар аударды.
Сонымен бірге энергетика, пайдалы қазбаларды өңдеу, қаржы, бұқаралық ақпарат құралдары және цифрлық экономика салаларында жаңа келісімдерге қол жеткізілді.
Бұл келісімдер Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, өндірісті жаңғыртуға және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Ең маңыздысы – ынтымақтастықтың мазмұны өзгеріп келеді. Бұрын инвестициялар көбіне инфрақұрылым мен шикізат секторына бағытталса, енді технологиялық өндірістерге, инновацияларға және цифрлық экономикаға басымдық берілуде.
- Көлік және логистика саласындағы уағдаластықтардың өңір үшін маңызы қандай?
- Қазақстанның географиялық орналасуы оған Еуразия құрлығындағы маңызды көлік тораптарының біріне айналу мүмкіндігін береді.
Сондықтан бұл сапар барысында көлік байланысын кеңейту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.
Тараптар тікелей әуе рейстерінің санын көбейтуге, халықаралық автомобиль тасымалдарын жеңілдетуге және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға уағдаласты.
Бұл тек Қазақстан мен Қытай арасындағы тасымал көлемін арттыру үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азияның көлік-логистикалық әлеуетін күшейту үшін маңызды.
Болашақта Қазақстан Азия мен Еуропаны байланыстыратын негізгі транзиттік және логистикалық орталықтардың біріне айнала алады.
- Қазақстан мен Қытай халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты не үшін күшейтіп отыр?
- Қазіргі халықаралық жағдайда бірде-бір мемлекет жаһандық сын-қатерлерге жалғыз қарсы тұра алмайды.
Сондықтан Қазақстан мен Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және «Қытай – Орталық Азия» тетігі шеңберіндегі өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі.
Әсіресе жасанды интеллектіні жаһандық басқару, халықаралық қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес, табиғи апаттардың алдын алу және тұрақты даму мәселелері бойынша үйлестірілген саясат жүргізудің маңызы артып келеді.
Бұл екі мемлекеттің халықаралық аренадағы ықпалын күшейтіп қана қоймай, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді.
- Гуманитарлық ынтымақтастықтың кеңеюі екі ел қатынастарына қандай әсер етеді?
- Мемлекетаралық қатынастардың беріктігі тек экономикамен өлшенбейді. Оның негізінде халықтардың өзара сенімі мен мәдени жақындығы жатуы тиіс.
Сондықтан Қазақстан мен Қытай мәдени алмасу жылын өткізуге, білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән беріп отыр.
Сонымен қатар «Лубань» шеберханаларын құру инженерлік және техникалық мамандар даярлаудың сапасын арттырып, екі елдің ғылыми-білім беру байланыстарын жаңа деңгейге көтереді.
Ұзақ мерзімді перспективада дәл осындай гуманитарлық жобалар Қазақстан мен Қытай стратегиялық әріптестігінің ең берік қоғамдық негізіне айналады.
Ең оқылған:
- Ақтөбелік тұрғын әскерге бармау үшін заңгерлік компанияға 500 мың теңге төлеген
- Қазақстан әлемдік БАҚ назарында: шетелдік басылымдар Тоқаевтың Шанхайға сапарын қалай бағалады
- Air Astana-дан 1 млрд теңгеден астам қаржы жымқырғандар ісі бойынша үкім өзгеріссіз қалды
- Қазақстандағы тасжолдардың бірінде аптап ыстықтан асфальт көтеріліп кетті
- Қазақстанда 730 шақырымнан астам жаңа теміржол салынып жатыр