«Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде екі жүк көлігін тексеру кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бірінші көлік Ресейдің Ульянов облысынан Түркістан облысының Сайрам ауданына 40 тонна бидай кебегін алып бара жатқан. Жүктің ветеринариялық ілеспе құжаттары мен таңбалауы болмаған, сондай-ақ өнім термиялық өңдеуден өтпеген.
Екінші көлік Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласынан Тәжікстанның Душанбе қаласына 20 тонна мұздатылған қой етін тасымалдаған. Тексеру кезінде бұл жүкті Қазақстан арқылы транзитпен өткізуге уақытша шектеу қолданыста екені анықталды.
Екі жүк көлігі де кері қайтарылды. Жүргізушілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды, - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері «Сырым» бекетінде 249 заңбұзушылықтың жолы кесілген. Осынша жүк көлігі кері қайтарылып, 117 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.