Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Дипломатиялық қызметтің 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді айтты.
Тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстан өзінің сыртқы саяси органдары жүйесін қайта құра бастады және өзінің дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін әзірледі. Олардың қатарында бүгінгі мерекенің негізін қалаған Президенттің 1992 жылғы 2 шілдедегі «Сыртқы істер министрлігі туралы» Жарлығы ерекше орын алады.
Бүгінгі таңда еліміз әлемнің 186 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты, ал біздің дипломатиялық қатынасу географиясы 70 мемлекеттегі 104 шетелдік мекемені қамтиды,- деді Тілеуберді.
Министр сыртқы қатынастар органдары қызметінің ұйымдық-құқықтық негіздерін жасау бойынша маңызды жұмыс атқарылғанын айтты.
Министрліктің міндеттері мен функцияларын айқындаған «Дипломатиялық қызметі туралы» заң әзірленіп, СІМ-нің Алматыдағы өкілдігінің құқықтық мәртебесі бекітілді. Соңғы 30 жыл ішінде сыртқы саяси ведомство кәсіби кадрлық аппаратты қалыптастырды. Біз кадрлық саясатта гендерлік теңгерім және тең мүмкіндіктер орнату бойынша тұрақты жұмыс істейміз. Отандық дипломатиялық қызметтің қалыптасуына әйел жынысты әріптестеріміз де атсалысып, орталық аппаратта жоғары лауазымдарға тағайындалып, шет елдердегі дипломатиялық миссияларды басқарады.
Қазіргі уақытта Министрліктің орталық аппаратында 137 әйел жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 32 пайызын құрайды,- деді министр.
Мұхтар Тілеуберді дипломатиялық қызметтегі әйелдердің үлесін мойындап, биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы 24 маусымды «Дипломатиядағы әйелдер халықаралық күні» деп жариялағанын ерекше атап өтті.