"Сыртқа шығу мүмкін емес". Атыраулықтар масаның көптігіне шағымданып жатыр

27 Маусым 2024, 11:05
455
Бөлісу:
"Сыртқа шығу мүмкін емес". Атыраулықтар масаның көптігіне шағымданып жатыр
VIDEO
Фото: pixabay.com

Атырау тұрғындары масаның көптігіне шағымданып, оның қарша жауған бейнежазбасын желіге жариялады. Соңғы уақытта жергілікті халықтан шағым көп. Ал жергілікті билік жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қала тұрғыны Динара Мұратова көпбалалы ана. Күнделікті кешкі серуенге шығатын ол соңғы уақытта масаның қаптағанын айтады. Сондықтан далаға шығудан қалған. Жәндіктер әсіресе Жайық өзенінің жағасында көп дейді.

Күндіз күн жанып тұрады. Ол уақытта сыртқа шығу мүмкін емес. Енді кешкі уақытта қолымыз босап, далада жүріп келейік десек, мүлдем мүмкін емес. Жыл сайын қайталанатын осы проблема. Білмеймін, қырғын ақша бөлініп жатыр дейді. Қанша көтеріліп жатады, айтылып жатады. Естір құлақ жоқ. Жаз басталғалы өзім әлі маса улап жатқан бір адамды көрген жоқпын. Сонда жұмыс қай жақта жүргізіліп жатыр?, - дейді тұрғын Мұратова.

Биыл конкурсқа қатысушы компаниялардың құжаттары дұрыс болмай, қайта жарияланыпты. Соның салдарынан дезинсекция жұмысы әдеттегіден кеш басталды. Әкімдік маса улау оған дейін демеушілер есебінен жасалғанын айтады. Қала көшелері мен көпқабатты тұрғын-үй жертөлелеріне арнайы сұйықтық шашылыпты. Конкурс аяқталғасын іске «AG Disinfection services» ЖШС кірісті. Қала аумағында жәндіктердің көптігіне қарамастан, әкімдіктегілер маса улау арнайы кестеге сай жүргізіп жатыр деуден танбайды.

Биыл маса улау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 95,2 млн теңге бөлінді. Жеңімпаз мекеме «AG Disinfection services» ЖШС мердігер мекемесі атқаруда. Қазіргі уақытта Атырау қаласы аумағында улау жұмыстарына 6 бригада, 25 адам жұмылдырылды, - дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Саида Шалагулова.

Өзгелердің жаңалығы