Сыртқы істер министрі Брюссельде бірқатар кездесу өткізді

11 Мамыр 2021, 22:17
2134
Бөлісу:
Сыртқы істер министрі Брюссельде бірқатар кездесу өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Брюссельге сапары барысында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Еуропалық комиссияның Вице-президенті – Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Борреллмен кездесу барысында ол Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелерін талқылады. Сұхбаттастар ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің толық әлеуетін іске асыру екі тараптың мүдделеріне жауап беретінін және пандемиядан кейінгі кезеңде экономикалық өсу мен дамуды қалпына келтіруге ықпал ететінін атап өтті.

Ж. Боррелл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алған саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асырылу барысымен таныстырылды.

Тараптар жоғары деңгейдегі сапарлар қарым-қатынастарға айтарлықтай серпін беретініне келісті және жақын арадағы байланыстардың перспективаларын талқылады. Халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасылды. Тараптар өңірдің тұрақты дамуына бағытталған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға баса назар аудара отырып, Еуроодақтың Орталық Азиямен ынтымақтастығын талқылады.

Біз Қазақстанмен Еуропалық одақтың Орталық Азияға қатысты стратегиясы шеңберінде, әсіресе пандемиядан кейінгі қалпына келтіру, өзара байланыс және қауіпсіздік бөлігінде ынтымақтастықты кеңейтуіміз қажет, - деп атап өтті ЕО Жоғарғы өкілі.

Кездесу соңында дипломаттар ҚР-ЕО және ЕО-Орталық Азия ынтымақтастық құрылымдары желісі бойынша биыл өтетін іс-шаралардың кестесін келісті. М. Тілеуберді өз әріптесін ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келіп қайтуға шақырды.

Сондай-ақ, Қазақстан СІМ басшысы Еуропалық парламенттің Сыртқы істер комитетінің төрағасы Давид Макалистер, ЕО Адам құқықтары жөніндегі арнайы өкілі Эймон Гилмор және Еуропарламент депутаты, ҚР-ЕО парламенттік достық тобының төрағасы Рышард Чарнецкимен кездесті. Кездесулер барысында парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, азаматтық қоғамды дамыту, депутаттардың парламенттік байланыстары мен өзара сапарларының кестесі, сондай-ақ Қазақстандағы саяси реформаларды іске асыру барысы туралы мәселелер қозғалды.

Пікір алмасу қорытындысы бойынша тараптар адам құқықтарын қорғау саласында сындарлы, өзара сыйластық диалог жүргізуге келісті.

Сонымен бірге, М. Тілеуберді ЕО Кеңесіне төрағалық ететін Португалияның Сыртқы және еуропалық істер министрі Аугушто Сантуш Силвамен кездесті. Дипломаттар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелерін талқылап, өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сауда-инвестициялық ынтымақтастықты ілгерілету шеңберінде Министр Қазақстанда жұмыс істейтін және қазақстандық нарықта жұмыс істеуге мүдделі ірі еуропалық компаниялардың басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.

Өзгелердің жаңалығы