Түркістан облысында Сырдарияға батып кеткен 11 адамның сегізінің денесі табылды. Үш адам әлі іздестірілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сырдария өзеніне шомылуға барып, батып кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр. Әзірге 16 жасқа дейінгі 4 бала мен 4 ересек адамның денесі табылды. Әлі іздестіріліп жатқан үш адамның екеуі – жасөспірімдер.
Сағат 21:00-де жағадан 30 метр қашықтықта бір адамды таптық. 22:50 тағы бір адамның денесі жағадан 6 метр қашықтықтан табылды. Оқиға орын алған аумақтан 100 метр жерде іздестіру жұмыстары жалғасуда, - делінген Түркістан облысы ТЖД-нің ақпаратында.
Бұған дейін Түркістан облыстық ТЖД Сырдария өзенінде демалып жүрген 4 отбасыдан құралған 20 адамның 11-і суға кетті деп хабарлаған.
Түркістан облысы, Отырар ауданы, Көксарай елді мекенінен 3 шақырым жерде Сырдария өзенінде 11 адам суға түсуге арналмаған жерде суға түсіп, суға батып кетті. Төтенше жағдайлар департаментінің күштері судан 6 мәйітті шығарды (тұлғасы мен жасы анықталуда), 5 адамды іздеу жұмыстары жалғасуда. Ақпарат жедел болып табылады және өзгеруі мүмкін, – деп хабарлаған Түркістан облыстық ТЖД.
Облыстық ТЖД-да жедел штаб құрылып, қауырт желі жұмыс жасауда. 8-7253-357881. Оқиға орнына 144 адам, 16 техника, 6 жүзу құралы және дрон жұмылдырылған.