Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында ауылшаруашылық саласын әртараптандыруға, су тапшылығына байланысты суды көп қажет етпейтін дақылдарды өсіруге көбірек көңіл бөлінуде.
Жаңақорған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Талғат Зейдалиевтің айтуынша, биыл 550 гектар жерге картоп, 600 гектарға көкөніс, 37 гектарға күнбағыс, 2000 гектар жерге мақсары, 250 гектарға тары, 1900 гектарға бақша дақылдары мен 555 гектар жерге дәндік жүгері егілді.
Аудандағы Түгіскен ауылынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан «Қазақбай» учаскесіндегі «Тасболат» ЖШС биыл 30 гектарға картоп және тағы 30 гектар жерге қауын, қарбыз және асқабақ екті.
Қазіргі таңда картоп бағасының қымбаттағаны барлығымызға мәлім. Мысалы, Шиелі мен Жаңақорған базарларында оны 300 теңгеден сатып алуда, ал Қазақстанның басқа аймақтарында келісіне 500 теңгеге дейін жетеді. Сондықтан жергілікті өнімді көбейту мақсатында картоп егіп отырмыз. Тұқым Павлодар облысынан әкелінді. Картоп егуге және өсіруге арналған жабдықтар сатып алынды. Әзірге картоп пен бақша дақылдарына суармалы су жеткілікті. Күзде мол өнім алып, ауыл тұрғындарын қажетті азықпен қамтамасыз етуге үміттіміз. Қалған егін сатылады, – дейді шаруа қожалық басшысы Бақытжан Тасболатов.
«Тасболат» серіктестігі Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы аграрлық өнеркәсіпті дамыту мақсатында қаражат бөліп отыр. Шаруа қожалық ауыл шаруашылығындағы қол еңбегін мүмкіндігінше механикаландыру қолға алуда.
Айта кетейік, «Қазақбай» учаскесіндегі шаруа қожалықтар Аққорған ауылдық округының 10 тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Келесі жылы серіктестік картоп пен бақша дақылдарының егіс көлемін 200 гектарға дейін ұлғайтуды көздейді. Яғни, тағы 30 жаңа жұмыс орны ашылады.
Аудандағы Қаратау бөктері егін егіп, бақ өсіруге өте қолайлы жер. Қазіргі таңда бұл құнарлы жерді ауданға қарасты Жаманбай батыр ауылдық округі Бесарық ауылының тұрғындары ұтымды пайдаланады.
Ауыл тұрғыны Марс Сейілбекұлы жер игілігін көріп, әке жолын жалғастырып келеді. Оның әкесі Сейілбек Өмірбеков бір кездері «Марс» шаруа қожалығын құрып, тау етегінде бақ өсіріп, сол арқылы көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Бағбан 27 гектар жерге алма, қара өрік және жүзім ағаштарын отырғызған. Марс Сейілбеков әкесіне көмектесе отырып, бағбандықтың қыр-сырын меңгерді. Бүгінде әке жолын абыроймен жалғастырып келеді. Ол үлкен бақтың ары қарай дамуына тер төгуде.
Алма жемісінің «Қарлығаш», «Семиренко» сорттарына сұраныс көп. Ауыл тұрғындары мен облыс орталығының сауда орындары осы сорттарға тапсырыс беріп, алдырады. Халық импортталған жемістерге қарағанда жергілікті өнімді тұтынғанды жөн көреді. Себебі біздің жемістер әлдеқайда дәмді, - дейді Марс Сейілбекұлы.
Бағбанның айтуынша, баққа күтім жасау қажырлы еңбекті қажет етеді. Осы орайда оған көмек қолын созатындар да аз емес. Жас кәсіпкерге бауырлары мен туыстары қолғабыс етеді. Сонымен қатар бағбан бау-бақша өсірумен қатар, құс өсірумен де айналысады.
ағын құс фабрикада тауық пен күркетауық бар. Күніне 100-ге жуық жұмыртқа шығарылады. Ал күркетауықтарды еті үшін бағып отырмын. Себебі күркетауықтың етіне сұраныс көп. Күркетауықтың еті адам ағзасына пайдалы дәруменге толы және диеталық ас болып саналады, - дейді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда жас бағбан бірнеше ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, үнемі ауылдағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға көмек көрсетеді.
Қазіргі таңда арманы – әкесі құрған бақтың аумағын 100 гектарға жеткізу және туған ауылының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосу.