Сыр өңірінде қазба жұмыстары жалғасады

28 Қараша 2022, 14:15
1379
Бөлісу:
Сыр өңірінде қазба жұмыстары жалғасады

Сыр өңірінде мемлекет қорғауына алынған мәдени мұраларды қорғау жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. 

Сыр аймағы – тарих пен мәдениеттің алтын ордасы. Содан болар мұнда талай жылдар бойы жинақталған сырын ішіне бүккен қасиетті орындар мен ғимарат саны көп. Бүгінде аталған нысандар қалай қорғалуда, мемлекет тарапынан қолға алынған ауқымды жобалар мен кешенді жұмыстар барысы қалай жүргізілуде? «Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» КММ басшысы Ерғазы Жарылқасынұлымен тілдесіп, маңызды сауалдарға жауап таптық. 

− Қазіргі уақытта аймағымызда қанша археологиялық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш бар? Жыл сайын ескерткіштер қатары толығып отыра ма? Мәселен, 5-10 жыл бұрын тізімге енген ескерткіштер саны қанша еді?

− Қызылорда аймағында зерттеулер барысында анықталған 556 тарихи-мәдени мұра объектiлерi тізімге енген. Бұл жерлердің барлығы да мемлекет қорғауында, сондықтан жыл сайын мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде республикалық маңызға ие отыз бір, жергілікті маңызға ие екі жүз елу алты тарих және мәдениет ескерткiштерi қамтылған. Жыл сайын аталған тарихи құндылықтар қатары толығып отырады. Себебі алдын-ала есепте тұрған екі жүз елу сегіз ескерткішке мониторинг жасап, мәртебе беру мақсатында кезең-кезеңімен  тарихи-мәдени сараптама жұмыстарын жүргізу қолға алынып отыр. Біздің тарапымыздан ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi жанындағы тарихи-мәдени мұра мәселелерi жөніндегi арнайы комиссияға Жетіасар мәдениетіне жататын 12 ескерткішке республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін беру жөніндегі ұсынысымыз қолдау тауып, алдағы уақытта министрліктің бұйрығымен республикалық маңызы бар тізімге енгізіледі. Бұл мақсатта комиссияның шешімімен 2020-2021 жылдары алдын-ала есептегі нысандарға жасалған сараптамаларға бойынша 18 нысан жергілікті маңызға ие ескерткіштер қатарына енгізіледі деп күтілуде. Ал, келер жылы 106 нысанға сараптама жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып отыр. 

    − Биыл тарих және мәдени ескерткіштерге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді ме? Жалпы осы жылы атқарылған археологиялық зерттеулер, реставрацияларға кеңінен тоқталсаңыз...

 − Ескерткішті сақтау мәселесінде оларға қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Өңірде осы кезеңге дейін 39 ескерткіш реставрациядан өткен.

Өткен жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi тарапынан республикалық бюджет есебінен Алтынасар,  Сығанақ қалашықтарымен бірге Айтбай мешіті, Ғанибай үйіне  реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Ал биыл Алтынасар қалашығына қалпына келтiрy жұмыстары жүргізілді. 

Айта кететін жайт, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 2 ақпандағы № 32 қаулысымен «Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2020 – 2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілген болатын. Осы шараларға сәйкес, келесі жылы министрлік Қызылорда облысындағы бірқатар республикалық маңызы бар  қайта жаңғыртудан өткізуді жоспарлап отыр. Мысалы, бұл тізімде Қарасопы, Асан ата, Молқалан, Сырлытам, Оқшы ата, Құттыбай, Айқожа, Асанас кесенелері мен Сараманқоса мұнарасы бар. 

Биыл өңірімізде облыстық бюджеттен қаржы бөлініп,  Бәбіш мола қалашығы мен Қазалыдағы ортағасырлық Жанкентте, Жаңақорғандағы Сығанақта ауқымды зерттеу жұмыстары атқарылды. Аталған қазба жұмыстарының барлығы нәтижелі болды деп айта аламыз. 

Өздеріңізге белгілі Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша Жаңақорған ауданындағы Сығанақ қалашығында,  Сырдария ауданындағы Қышқала қалашығында жүрді. Бұл жерде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдары да көп еңбек атқарды. Олар Тюбинген (Германия) университетімен бірге әріптестік жоба ұйымдастырып, ауқымды жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде Жанкент қалашығындағы тарихын ішіне бүккен  археологиялық қазба жұмыстары жалғасын тапты. Бұл біз үшін ғана емес, аймағымыз үшін де атқарылған үлкен жұмыс деп білемін. 

Қазба жұмыстары барысында түрлі уақыттарға сай келетін ежелгі тұрақтардың, құрылыс алаңдарының, тіпті кезінде маңызды қызмет атқарған қыш, құмыра дайындалған пештердің орны табылды.

Қазба жұмыстарының нәтижесімен әр түрлі кезеңдермен мерзімделетін тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш, құмыра күйдіретін пештер, кесенелер аршылып, бірқатар нысандар консервацияланды. 

Сонымен қатар, соңғы технологиялырдың көмегімен топырақ құрамын және қалашықтың өмір сүру кезеңдерін анықтау мақсатында геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде қалашықтың төменгі кезеңі ҮІІ ғасыр болып анықталды. 

Бәбіш мола қалашығындағы зерттеулер нәтижесінде қыш күйдіретін пештердің шеберханасы, көптеген жерлеу орындары ашылған. 

Ортағасырлық Сығанақ қалашығы облыстық бюджетпен қатар, республикалық грант есебінен де қазба жүргізілуде. Нәтижесінде қорғаныс қабырғалары, қалашықтың аумағындағы ортағасырлық кесенелер ашылды. Биылғы жылы Сығанақ қалашығының тарихымен байланысты Қожамберді ауылындағы Көккесене сағанасы толық аршылды. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін Сығанақ қалашығында қыш күйдіретін пештер табылмаған болатын. Биылғы жылдың жаңалығы ретінде пештердің комплексі анықталды. Лаборотриялық зерттеулерге қарағанда аталған пештер 1000 граудсқа дейін қыш, керамикалық ыдыстарды күйдірген. 

      − Өңірде ескерткіштерді абаттандыру жұмыстары қалай жүргізілуде? Мәселен, Қалжан ахун ескерткіші қараусыз күйде деген пікірді естіп жүрміз. Бұл қаншалықты рас?

     − Біз жыл сайын аймақтағы ескерткіштердің жай-күйіне мониторинг жасап, абаттандыру, көгалдандыру мәселелеріне көңіл бөлеміз. Себебі аталған аумақтың бәрі жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Ал, Қалжан ахун мешіт медресесіне 2018 жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, толық қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, аумағы абаттандырылған. Қазіргі жағдайы жақсы. Алайда, ескерткіш бос пайдаланылмай тұрғандықтан, ауа райының қолайсыз мезгілдері ғимараттың сақталуына жыл сайын кері әсер ететіні рас. Бұған байланысты аудан әкімдігіне мәдениет нысаны ретінде пайдалану туралы ұсыныстер берілген. 

−  Облыстағы қасиетті жерлерге туристердің зиярат етіп келуіне жағдай жасалған ба? Жалпы бізде зиярат ету мәдениеті қаншалықты дамыған?

− Өзіңізге белгілі, зиярат ету мәдениеті бойынша, осыдан бес жыл бұрын жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты ауқымды жоба жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық жинағы жарыққа шықты. Сол жинақтың ІІІ томына облыс бойынша жалпыұлттық 12, өңірлік 60 қасиетті нысандар енгізілді. 

Айта кетейік, Сыр өңірі бойынша туристік марштуттар мен соқпақтардың мемлекеттік реестрі бекітіліп, онда 41 тарихи-мәдени мұра объектілері қамтылған 12 туристік маршрут берілген. 

Бұл  жоба арқылы  қасиетті орындарға өңір халқымен қатар, сырттан, шетелден келетін туристер көптеп келетіні белгілі болды. Кітаптармен қатар, бұл бағытта роликтер, телехабарлар, экскурсиялар, экспедициялар, деректі фильмдер әлеуметтік желіде кең көлемді насихатталды. Емдік, зиярат ету және қызғушылық таныту мақсатында келетін халық Сыр өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерінң тарихымен және сәулет өнерімен танысуда. 

Қасиетті орындардың инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, Қазақстан Респyбликасы Мәдениет және спорт министрлiгi тарапынан Сығанақ, Жанкент қалашықтарының қорғаныс қабырғалары қалпына келтірілді. Сығанақ қалашығында анықталған ортағасырлық кесененің қайта қалпына келтірілуі үлкен маңызға ие жұмыс болды деп ойлаймын. Қалашықтарда зерттеу жұмыстарымен қатар, ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге де үлкен мән беріліп, ескерткіштер қорғау аймақтары бойынша қоршалып, стелалар бой көтерді. 

Тарихы терең мұраларды цифрлық форматқа көшіру барысы туралы айтсаңыз... Ескерткіштердің интерактивтік картасын дайындау, QR-код тақтайшаларын орнату жұмыстары толықтай аяқталған ба?

− Облыс әкімінің қолдауымен ескерткіштерді сандық форматқа көшіру және олар туралы желі қолданушыларына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында екі ауқымды  жоба жүзеге асырылды. Оның алғашқысы Қызылорда облысы бойынша тарихи-мәдени мұралардың 3D нұсқадағы интерактивтi картасы орнатылған сайт (virtualmap.xyz) қалыптастырылып, жұмыс жасап тұр.

Жобада заманауи техникаларды пайдалану арқылы жоғары сападағы 33 мыңнан астам жербетіндегі фотосурет, 40 мыңнан астам аэрофотосуреттер, видеотүсірілімдер, 360 градустық панорамалық түсірілімдер және ескерткіштердің жоғары дәлдікте 3-өлшемді модельдері қамтылған. Негізінен мұнда республикалық және жергілікті маңызы бар жүз елу тарих және мәдениет ескерткіштері қамтылды. Қызылорда қаласы мен жеті аудан бойынша алпыс археологиялық, тоқсан қала құрылысы және сәулет ескерткіштері енді.

Инновациялық әдістер мен компьютерлік бағдарламалардың кең көлемді мүмкіндіктерін пайдалану арқылы ескерткіштің толық виртуальды моделі қалыптасып, барлық ракурстан түсірілген 3Д форматтағы көлемді бейнесі, панорамалық көрінісі, видеоайналымы  және ескерткіштер туралы 3 (үш) тілде толық ақпарат қамтылды.

Ал қолға алынған екінші ауқымды жоба − тарих және мәдениет ескерткіштеріне QR-код орнатылыпқонақтар мен туристерге тарихи орындар туралы толық ақпарат алуына мүмкіндік жасалды. Бұл мақсатқа жыл сайын облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, бүгінгі күні 194 ескерткішке QR-тақтайшаларын орнату жұмыстары аяқталды. Осы жылы бұл жоба аясында жиырма ескерткішке QR-белгісі орнатылды. Бүгінгі күні интернет желісі және байланыс жүйесі тартатын аумақтардағы барлық ескерткішке осындай маңызды жұмыстар жүргізілді. 

− Жылды қорытындылар уақыт та алыс емес. Жыл соңына дейін және келер жылы қандай ауқымды жұмыстар қолға алынады?

− Биылғы жылы жоспарланған барлық жұмыстар толық орындалды деп айта аламын. Бұл жұмыстар қазіргі уақытта да, болашақта да үлкен маңызға ие болып қала береді. Себебі тарихты білу, насихаттау, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру  ̶ бәріміздің алдымыздағы маңызды міндет деп білемін. Сондықтан мемлекет қорғауына алынған тарихи құндылықтарға бей-жай қарауға болмайтыны анық.   Олардың қатарында жоғарыда атап өткен археологиялық зерттеy  жұмыстары, ескерткiштердiң қорғаy аймақтарын белгiлеy, QR-тақтайшаларын орнатy, тарихи-мәдени мұра объектiлеріне мониторинг жүргiзy және мекеменiң жарғысына сәйкес атқарылyы тиiс жұмыстар. 

 Ал келер жылы атқарылуы тиіс, жоспарда тұрған жобалар қатарында Бәбіш мола, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру, тарихи-мәдени мұра объектiлеріне мәртебе беру мақсатында 106 нысанға тарихи-мәдени сараптама жүргізу жұмыстары бар. Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық мyзыкалық драма театры, А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығы ғимараттарының, Саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған мемориалды ескерткiштiң қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын белгiлеу де жоспардан тыс қалған емес.

  • Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Өзгелердің жаңалығы