Павлодарлықтар мұзға жабысып қалған аққуларды құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Павлодар облысындағы Торсықбай көлінде аққудың аналығы мұзға жабысып қалып, ұшып кетуге мүмкіндігі бар аталығы суыққа қарамай, сыңарын тастамай жанында қалған.
Құстарды алғаш болып жергілікті тұрғын Бауыржан Жакупов байқап, әкесімен бірге құстарға көмекке келген.
Аққудың аналығы мұзға жабысып қалып, аталық аққу соны күтіп, жылы жаққа ұшып кетпей, жаурап әлсіреп қалған. Біз оларды аязда үйге әкеліп, құтқарып алдық. Енді қалай күтеміз, не істеу керек?, – деп жазды алғашында Бауыржан.
Содан кейін құтқарылған аққулар жылы орынға жеткізілген. Қазіргі таңда олар уақытша Бауыржанның үйінде орналасқан, жағдайлары бірқалыпты.
Олар құстарды тамақтандырып, кейін ветеринар шақыртқан.
Баянауыл ұлттық паркі мен ветеринария бөлімінің мамандары келіп, басынан аяғына дейін тексеріп, аққулардың жағдайы жақсарғанын, күтім жақсы екенін айтып, риза болып кетті. Көмек қолын аямаймыз, кез келген уақытта хабарлас, 24/7 деп айтты, – дейді Бауыржан.