Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ЕҰУ дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы үндеуіне қатысты өз ойымен бөлісті.
Қазақ халқы: "Үй іші ала болса, кереге басы толған бәле болады" дейді. Ынтымағы бекем елдің ырысы да мол болмақ. Әлемді алаңдатқан алапат індеттен біздің еліміз де тыс қалмады. Қауіп біздің азаматтарымызға да төнді. Алғашқы құрбандар да бар. Бұл өте өкінішті жағдай. Қазіргідей жаһанданудың жанданған заманында әлемге келген індеттен аулақ қалу әркімнің қолынан келмейтін дүние. Тіпті білімі мен дамуы ілгері елдерге де жеңіл тиіп жатқан жоқ. Осындай сын сағатында біздің еліміз қандай тәсіл ұстануы керек, қандай шаралар қабылданады, қандай салдары болмақ деп алаңдағанымыз ақиқат. Бірақ, ел тізгінін ұстаған азаматтардың, әсіресе президен Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл мәселеде ұстанымдары ұтқыр болып шықты деуге болады. Індеттің алдын алу, оның зардабын жою жағынан өте тиімді тәсілдер қабылданды дер едім өз басым. Себебі, елімізде төтенше жағдай өз уақытында жарияланды. Азаматтардың қауіпсіздігі ертерек ойланды. Соның арқасында қыруар зардаптан белгілі бір дәрежеде сақтануға мүмкіншілік туды, - дейді ол.Мұндай ахуалды бұрын-соңды басынан кешірген емес. Солай бола тұра салиқалы саясат ұстана отырып қиыншылықты еңсеруге бағытталған үндеу өз уақытында айтылды дейді.
Ең бастысы бұл жолы билік пен халық біртұтас ұстаным танытты. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы өз бас болып елге уақытылы хабар беріп, бағдар сілтеп отыр. Ортада хабарды түрлендіретіндер мен арандатушыларға тосқауыл қойылды. Сонымен қатар, бұл қиыншылықты еңсерудегі басты басымдықтарды да президентіміз өзінің үндеуінде баса айтты. Бұл үндеудің басымдығы да елдегі жасалып жатқан ауқымды шараларды халыққа жеткізіп олардың бос уайымы мен дүрбелең туғызуына негіз жоқ екендігін жеткізді. Осы бағытта бөлініп жатқан қаражат пен қабылданып жатқан шаралардың қиыншылықтан аман алып шығатындығына сенім басым. Оның үстіне еліміз мұндай ахуалды бұрын-соңды басынан кешірген емес. Солай бола тұра салиқалы саясат ұстана отырып қиыншылықты еңсеруге бағытталған үндеу өз уақытында айтылды. Әрине, ұлттық қор жинап, қиыншылық кездерге қаржы сақталғандығы (90 млрд доллар шамасында) да орынды іс болғандығын айтуға тура келеді.Біздің азаматтардың міндеті осындай кезде бірлесе отырып жауапкершілік таныту екендігін президентіміз өз үндеуінде бас айтты. Себебі, қауіптің салмағын сезінбеген азаматтар аз да бола арамызда әлі бар. Олар тек өз бастарына ғана емес жақындарына, отбасына, түптеп келгенде еліне зиян тигізуі мүмкін екендіктерін ұғынып, елімізде қабылданып жатқан шешімдер мен қойылып жатқан талаптарға толық бағынғанда індетпен күрес тез әрі нәтижелі болмақ. Халқымыздың парасаты мен төзімділігі және елбасындағы азаматтардың қажыры мен қайратының арқасында құдай қаласа бұл қиыншылықтан да аман-есен өтетіндігімізге сенім зор! Лайым солай болғай!, - деді Кеңшілік Тышқан.