Мүдделер қақтығысы туындайды: Анар Жарова тұрғын үй құрылысы саласындағы жемқорлық туралы айтты

26 Желтоқсан 2019, 12:42
4905
Бөлісу:
Мүдделер қақтығысы туындайды: Анар Жарова тұрғын үй құрылысы саласындағы жемқорлық туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарова тұрғын үй құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерлеріне байланысты сыртқы талдау қорытындысы туралы баяндады. 

Бұл мәселелердің бірнеше ұйымға қатысы барын ескере отырып, біз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінен бастап, оған бағынысты "Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау" РМК, "Бәйтерек девелопмент" АҚ, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың уәкілетті бөлімшелеріне тікелей шыға отырып, талдау жүргіздік, - деді Анар Жарова. 

Оның айтуынша, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің жоғары бағыттарының бірі – мемлекеттік қызмет көрсету саласы.

Талдау барысында анықталған тағы бір мәселе сарапшылар мен сарапшы ұйымдардың үлестес болуы. "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" ҚР заңының талаптарына сәйкес сарапшыға, осы сарапшы дайындауға тікелей немесе жанама қатысқан, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің өзге де субъектілерімен еңбек, қаржылық немесе өзге де тәуелді қатынастарда болатын жобалар бойынша сараптама жүргізуге тыйым салынады. Бұл ретте, осы талаптар сақталмаған жағдайлар жиі кездеседі. Мысалға, Шымкентте сарапшы ұйымдардың бірінің сарапшысы өзі еңбек қызметін жүзеге асырған компанияның жобалары бойынша 20-дан астам қорытынды берген, - дейді департамент басшысы. 
Осылайша, мүдделер қақтығысы туындайды, яғни жобалық құжаттаманы қалыптастыратын сарапшы бұдан әрі осы жобаны сараптауға өзі қатысады. Бұл жағдай құрылыс бюджетін арттыруға, сапасыз құрылыс материалдарын қолдануға, ҚНмЕ мен техникалық регламенттерді бұзуға жағдай жасайды.
Талдау барысында Комитетте тексеру іс-әрекеттерін жүзеге асыру, әкімшілік іс жүргізу және нұсқамаларды ресімдеу бойынша ішкі актілердің, әдістемелік ұсынымдардың және әдістемелердің болмауы байқалды. Мәселен, әкімдіктердің МСҚБ-на қатысты профилактикалық бақылауды жүзеге асыру кезінде тексеру парағында жазылған талаптарды тексеру кезінде іріктеу (таңдау) тәсіл қолданылады (тексеру парағында жазылған талаптардың тек нақты бөлігі ғана тексеріледі). Мысалға, "Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы" КММ тексеру барысында тексеру парағының 79 талаптарының 9-ы ғана тексерілген, - деді Анар Жарова.

Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуы үшін әлеуетті жағдайлар мен алғышарттар жасайды.

Өзгелердің жаңалығы