Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Данияр Бигайдаров "antikor live" алаңында сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматқа қанша сыйақы берілетінін айтты.
Әртараптандырылған жүйенің нәтижесі бойынша, сыбайлас жемқорлық салдарынан зардап 1000 АЕК, яғни 2 млн 778 мыңды құраса, сыйақы мөлшері осы сомаға дейін болады. Ал қылмыстың ауырлығына қатысты ескі жүйе бойынша төленеді. Яғни, 30-дан 100 АЕК-ге дейін. Демек, 83 мыңнан 300 мыңға дейін сыйақы тағайындалады, - деді ол.
Данияр Бигайдаровтың айтуынша, әкімшілік бұзушылық бойынша 30 АЕК, жеңіл қылмыс бойынша 40 АЕК беріледі.
Яғни, жемқорлық сомасы 1000 АЕК-ден асса, сыйақы әртараптандырылған жүйе бойынша бекітіледі. Ол соманың 10 пайызына тең болуы мүмкін. Алайда, 4000 АЕК-тен аспауы керек. Егер азамат 10 млн теңге бойынша сыбайлас жемқорлық фактісін хабарласа, ол 1 млн теңге сыйақы алады. Бұл - азаматтардың жемқорлықпен күресті нығайтуға бағытталған шараларға тарту. Жыл басынан бері SMS келу дерегі де артты, - деді ол.
Оның айтуынша, қазір тек қарапайым азаматтармен қоса сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты мемлекеттік қызметкерлер де айтатын болған.
Бұл фактор ұлғайды. Call-орталықтан бөлек, аймақтық департаментке, жедел бөлімшелерге тікелей хабарламалар келіп түседі. Агенттіктің интернет ресурстарына да толассыз хат пен хабарламалар, өтінімдер келіп түсіп жатады. Бірыңғай Call-орталыққа биыл 12 мың қоңырау шалынған. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық туралы фактілер бойынша 342 хабарлама келіп түскен. 32 жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деді ол.