Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайлық шаруа мемлекеттік бағдарлама көмегімен мал басын екі есеге арттырды. Ол «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 12 млн теңге алды.
Облыс орталығының іргесіндегі Заречный ауылының тұрғыны Есімхан Тәшетов 600 қойдың жартысын «Сыбаға» бағдарламасы бойынша берілген несие қаражатына сатып әкелді. Ол өткен күзде ұсақ мал шаруашылығын дамытуға 12 млн теңге несие алған еді. Жылдық мөлшерлемесі 6% берілген несие қазақстандық Еділбай тұқымды 300 бас қой сатып алуға жұмсалды. Шаруашылықта бұған дейін 300 қой мен 150 жылқы болған.
Кәсіпкер «Сыбаға» бағдарламасы көмегімен алғашқы несиені 2015 жылы алған. Оған да ұсақ мал сатып әкелді.
Бағдарлама шарттары қолайлы. Асыл тұқымды мал алсаңыз, мемлекеттен субсидия төленеді. Биыл маусым айында Ақтөбе немесе Орал қалаларына барып қайтуды жоспарлап отырмын, онда асыл тұқымды мәртебесі расталған Еділбай қойлары бар. Үлкен бір отарым болса, жыл сайынғы шығынды толықтай жауып, пайдам еселене түсер ме еді. Соған талпынып келемін, - дейді Есімхан Тәшетов.
Ол қой жүніне сұраныстың жоқтығына қынжылыс білдірді. Бес жыл бұрын аяқ киім фабрикасы келісін 35 теңгеден сатып алатын.
Есесіне ет жақсы өтеді. Жалпы, қазақ қой етін жақсы көреді. Қостанайдан, алыс-жақын аудандардан келіп, сатып алып кететіндер бар, - дейді шаруа қожалығының басшысы.
Шаруа қожалығы қой өсірумен ғана емес, мал азығын егумен де айналысады. 300 га алқапқа жемдік арпа егеді.
Шабындық жеріміз – 870 га. Оны «Пригородный» орман шаруашылығынан жалға алып отырмыз. Өзара тиімді келісім бар, яғни біз соларға тиесілі жерде шөп шабамыз, сондықтан өрттің ықтималдығы төмендейді, - дейді кәсіпкер.