Светлана Крюгер: Қазақ тілінде еркін сөйлеймін, сауатты жазамын, қазақша ойлаймын

23 Мамыр 2023, 09:01
1995
Бөлісу:
Светлана Крюгер: Қазақ тілінде еркін сөйлеймін, сауатты жазамын, қазақша ойлаймын

Қызылордалық Светлана Крюгер – облыстық неміс этномәдени бірлестігінің белсендісі. Оның арғы атасы өткен ғасырда тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне келіп, Қазалы өлкесіне қоныстанған. Бойында өзге ұлттың қаны жүгірсе де, қазіргі күні қазақ шаңырағына келін болып отырған, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді бойына сіңірген Светлананың туған жерге, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі таңғалдырады. Бірер күн бұрын ІІ дәрежелі «Достық» орденінің иегері, жүрегі қазақ деп соққан неміс қызымен әңгімелестік, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

– Светлана, сұхбатымызды ашық сұрақтан бастайық. Сізді қазақ қызы деп танимыз. Қазақ елінде туғаныңыз үшін қандай да бір екіұдай сезім болып көрді ме? Бабаларыңыздың кіндік қаны тамған жерге көшіп бару бір сәт болса да ойға келді ме? 

– Кейбір жиын-отырыста мені жете танымайтын адамдардың ойында осы сұрақ тұратынын байқаймын. Бұған шынайы жауабым да дайын. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Ұлы Отан соғысы басталған уақытта, 1941 жылы Ресейдің Еділ бойынан көптеген неміс отбасылары Қазалы ауданына жер аударылды. Майдан даласындағы қиян-кескі шайқас аяқталғаннан кейін осында қоныстанған отбасылардың біраз бөлігі Ресейге оралды. Ал Кеңес Одағы ыдыраған кезде көптеген немістер тарихи отаны – Германияға ағылды. Бірақ біздің Крюгер отбасында ешкім көшуді ойлаған жоқ. Қонақжай Қазақстанда олар бақытты өмір сүруге қажеттінің бәрін тапты. Үш атам да адал еңбек етіп, жергілікті тұрғындардың құрметіне бөленді. Ажырамас достар тапты. Осы отбасынан шыққан менде де сіз сұраған ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бұған аталарымның осында жандары жай тапқаны себеп шығар. 

Мен Қазалыда өмірге келіп, қазақ мектебінде білім алдым. Облыс орталығы Қызылорда қаласындағы университетті тәмамдап, білімімді толыстырдым. Өзге ұлт бола тұра қазақ тілінде еркін, көсіле сөйлеуім қоғамдық өмірде белсенді болуыма жол ашты. Елімнің дамуы үшін өзімнің перзенттік борышымды өтеуге күш салып келемін. 

– Бала Светлананың достары көп болды ма? Қазақ балаларының ортасында өзін қалай сезінді? 

– Қазалы қаласында өзге ұлт өкілдері де, қазақ балалары да араласа қоныстанған. Балалық шағымда өте жақын араласқан қазақ қыздары көп болды. Бір үйдің балаларындай құрбы болып, олардың тарапынан бөтендік байқаған емеспін. Құрбыларыммен әлі де жылы қарым-қатынастамын, елге барғанда кездесіп, әңгімелесіп, мауқымызды басамыз. 

Балалық достық ұлт, дін, тіл таңдамайды емес пе?! Көз ашып, ес білгелі қазақ ханшайымдарымен көп уақытымды бірге өткізіп, тіл үйренгенім анық. Атам марқұм, мені балабақшаға орналастыруға барғанда мені орыс тілді топқа бергісі келген. Сондағы тәрбиешілермен құжаттарымды реттеп, келіссөз жүргізіп жатқанда, қазақтілді балалардың арасына барып жайғасып үлгерген екенмін. Себебі онда көрші құрбыларым тәрбиеленетін. Үйдегілер орыс топқа ауысуға үзілді-кесілді қарсы болғанымды айтатын. Осыдан кейін атам қазақ тілін жақсы меңгеріп кеткеніме масаттанып, еркін сөйлейтініме, сөздердің мағынасын терең түсінетініме риза болып отыратын.

Мектепте сөздерді анық жеткізетінім ұстаздарымды тәнті ететін. Мұнда қазақша ән шырқап, өнерге де жақын болдым. Сондықтан бастауыш сыныптарда қазақ тілі мұғалімдері қанатының астына алып, қамқорлық танытты. Орыс тілін де қатар меңгергендіктен пәндік олимпиадалардың республикалық кезеңдерінде топ жарған кезім аз емес. Бұл үшін ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. 

– Сіздің журналистік қырыңыз да бар екен...

– Бой жетіп, оң-солымды таныған тұста, қаламы қарымды, сөзі сүйектен өтетін кәнігі журналист болғым келгені рас. Алайда, 2002 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіндегі орыстілді журналистика мамандығына қабылдамады. Бірақ алған бетімнен қайтпауға бекіндім. Бұған емтиханда мемлекеттік грантқа оқуға жеткілікті балл жинай алмағаным кедергі болды. Соған да қарамастан қазақ журналистика факультетіне құжаттарымды өткіздім. 

Университет тарихында орыстілді мектеп түлегі, оның үстіне өзге ұлт өкілінің қазақ бөліміне құжат тапсырған алғашқы жағдай екен. Университет ректоры жеке қабылдауына шақырып, алға қойған мақсатым, салаға қызмет ету ниетімнің қаншалықты маңызды екенін сұрады. Мұнымен оқу орнының басшысы менің қаншалықты қазақ тілінде еркін сөйлей алатынымды аңғарғысы келгенін байқадым. Өйткені журналист ұлтына, тіліне қарамастан қарабайыр сөйлеуіне болмайды. 

Университет басшылығы әңгімелесуден кейін барлық күмәннен арылып, университеттің грантын ұсынды. Бұл мен үшін өмірімдегі ең қуанышты оқиғаның бір еді. Алмақтың да салмағы бар. Екі жылдан кейін ректор жеке қабылдауға қайта шақырды. Бұл жолы оқудағы озат көрсеткішім, мемлекеттік тілде өткен республикалық байқауларда жеңімпаздар қатарынан көрінгенім үшін ризашылығын білдірды. Қолымнан алып тұрып ректордың: «Біз сізддің жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз, біз күткеннен де жоғары жетістікке жетіп келесіз», – деген сөзі маған қанат бітіріп, келешек тұлға болып қалыптасуыма үлкен ықпал етті десем қателеспеймін.

– Тұңғыш президентпен де кездескен екенсіз. Бұл жүздесу қандай әсер қалдырды? 

– Қоғамдық өмірге араласу, оның дамуына үлес қосу кез келген қазақстандықтың парызы деп білемін. Онсыз елдің алға қарай ілгерілеуі қиындайды. Өзім студент кезден түрлі шаралар ұйымдастырып, біз өмір сүріп жатырған ортаның бәріміз үшін жайлы болуына күш салып келемін. Облыстық «Видергебурт» («Ренессанс») неміс ұлттық мәдени орталығының жұмысын жандандыруға және жастар ұйымдарының іс-шараларына белсене араластым. 

Осындай бір күні тағдыр маған өте жағымды тосын сый жасады. 2005 жылы Нұрсұлтан Әбішұлының Арал өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында жеке кездесудің сәті түсіп, мемлекеттік тілді жетік меңгергендігіммен, патриоттық ұстанымыммен мақтауға бөлендім. Осы жүздесуде Қызылорда жастар саясатының дамуы туралы біршама сұрақ қойып, оқуды аяқтағаннан кейін Қазақстанды жан-жақты дамытуға, қажыр-қайратымды жұмсауға ниетті екенімді айттым. Бұл уәдем қызметте өсуіме, өзімді дамытуға ерекше мотивация болды десем болады. 

– Елімізде білімді, талантты жастарды қолдау жоғары деңгейде жүзеге асырылатыны белгілі. Сіз де осындай жастардың қатарынан табылдыңыз. Ең алғашқы еңбек жолыңыз туралы не айтасыз? 

– Студент кезде көптеген газет-журнал, телеарналардан тәжірибеден өттім. Оқуды аяқтағаннан кейін «Нұр Медиа» холдингіне жұмысқа қабылданып, еңбек жолымды бастадым. Бұдан кейін 2011 жылы Қазалы аудандық әкімдігіндегі бос лауазымға үміткер болдым. Ал 2014 жылы Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қызмет істедім. Мұндағы жұмысым тұлғалық табиғатыма, қызығушылықтарыма сай болды. Әсіресе, этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамыту, ғылыми-зерттеу қызметін, халық шығармашылығын қолдау, қайырымдылық бағдарламаларын жүзеге асыру, іс-шараларды ұйымдастыру және ақпараттық қолдау көрсету ісін өз деңгейінде ұйымдастыра алдым деп ойлаймын. Ең бастысы – өз ісіңе деген сүйіспеншік пен адалдық. Осы екі қасиет адам бойынан табылса мансап та, абырой да болады. Тиісінше, қолға алған бастамаң да оң нәтижесін береді. 
Қазіргі қызметімді де әкімдіктегі жұмысыма ұқсатамын. Этнос өкілдеріне ауызбірлікке, достыққа, патриоттыққа шақыру – шынайы жүрек қалауы. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл міндетті ұдайы кеңейтіп, ауқымды жұмыс атқаруда. Еліміздің тыныштығы мен алға өрлеуіне тікелей әсер ететін ассамблеяның бір бөлшегі болу мен үшін бақыт. Әрбір адамға бір шаңырақ астындағы ұлттардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі мен дініне құрметпен қарауға шақыру, мемлекеттік тілді барлығынан жоғары қоюға үндеу қасиетті борышым деп білемін. 

– Әңгіме барысында мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген сүйіспеншілігіңізді, жанашырлығыңызды анық байқадық. Мұны Сыр өңірінде, Қазалы ауданында өмірге келгендігіңізбен байланыстырсақ қателеспейміз бе? 

– Мен елімізге, оның заңдары белгілеп берген мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, оның тұғыры биік болуын тілеу туған жердің ерекшелігіне байланысты деп айта алмас едім. Рас, Қызылорда облысы мейлінше қазақыланған, дәстүр-ғұрыпты қатаң сақтайтын өңір. Бірақ «қазақша сөйлемеймін, өз ғұрпымнан басқаны ұстанбаймын» деген адамға ешкім айтарлықтай кедергі бола алмайды. Мәселе түпсанада жатыр. 
Соңғы кезде елімізде мемлекеттік тіл мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің өзі Жолдауында: «Біздің ең басты құндылығымыз және байлығымыз – қазақ тілі» деп атап өтті емес пе? Тәуелсіз еліміздің ертеңі – қазақ тілінде екенін назарға салып, «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы» дей келе, болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс екендігін алға тартты. Президент Жолдауында айтылған осындай мағыналы ойлар жастарды ғылым-білім, тіл үйренуге шақырып, көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятуы керек. 
Мысалы, ешкім «қазақ тілін үйрен» деп қинаған жоқ. Қазақ тілін өзім үйрендім. Қазақ тілін менің бойыма қазақтың ортасы сінірді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін де, сауатты жазамын да, тіпті қазақша ойланамын. Отанымның мемлекеттік тілін толық меңгергенім мен үшін үлкен бақ! Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы мемлекеттік тілді білуімнің оң нәтижесі деп есептеймін. Айтайын дегенім, менің қолымнан келген нәрсе мен сияқты кез-келген қазақстандықтың қолынан келетіні сөзсіз. «Қазақ тілін үйренемін» деген адам ұлтына да, жасына да қарамастан мақсатына жете алады. Шын қаласа қазақ тілі мамандарынан асып түседі. Тіл үйрену үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – ниет болу керек. Біз, барша қазақстандықтар, мемлекеттік тілді – қазақ тілін білуге міндеттіміз. Сондықтан мен барлық отандастарымды қазақ тілін оқып, үйренуге шақырамын. Мемлекетіміздің болашағы – мемлекеттік тілімізде екенін ұмытпасақ екен. 

– Қазақстанда русофобия бар деген ақпарат таратып, пікір айтатын арандатушылар табылып жатыр. Еліміздің патриоты ретінде өзіңіздің бұған қатысты пайымызды білгім келеді. 

– Әрине, қазақ халқының 300 жыл бойы патша үкіметінен көргенген тұқайы аз емес. Дегенмен ұлт зиялылары, батырларының арқасында қазақ рухы өшкен емес. Ұлттық мүддесін, намысын, құндылықтарын сақтаудағы, қорғаудағы қазақ елінің ұстанымын қолдаймын. Алайда осы ұстанымын өзгеге өктемдік, үстемдік, біреуді кемсіту арқылы іске асырған емес. Ол бізге айдан анық. Қазақ халқы біздің тілімізге, ұлттық салт-дәстүрімізге де құрмет қарайды. Төріне шығарады. Қазақ халқының кеңдігі кемдігі емес, керісінше құндылығы, баға жетпес байлығы. Осы қасиетімен әлемге үлгі болып отыр. Ал арсыз, жөнсіз, дәлелсіз сөз таратқандар арандатушылар. Олардың мақсаты - бірліктен айыру. Біз, Қазақстан халқы тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Осы ынтымақты қадірлеп, берік сақтауымыз қажет. Қайталап айтамын, елімізде русофобия деген құбылыс атымен жоқ. Ал жоқтан бар жасағысы келетіндер жоқ емес. Абайлауымыз қажет. 

Қазақ тілін өз жерінде өгейсіткісі келетіндердің әңгімесі бір бөлек. Біз әрдайым мемлекеттік тілдің мерейін үстем ететін кез келген бастамаға қолдау білдіреміз. Мәселен, бұрынағы жылы белгілі журналист Максим Рожин, әкімдік қызметкері Владимир Чепельдің қазақ тілін қолдап, Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекетттік тіл туралы заңды талап еткен петицияға жария қол қойғанын білесіздер. «Қазақ үні» сайтындағы Ашық хатқа 12 475-інші болып мен де үн қостым. Мұндай ортақ, мемлекет мүддесі үшін қолға алынған істе баршамыздың басымыз біріксе екен деп армандаймын. Біздің жан дүниеміз қазақ тілі, менталитеті арқылы қалыптасты. Бай мәдениет, өрелі өркениет бұл. Соның бір бөлшегіне айналып кеткенім мақтан тұтамын. 

– Ұлт мәселесіне келгенде төгіле сөйлейтініңізді аңғардық. Өмірлік серігіңізді де қазақ ұлтынан таңдауыңызға не себеп? 

– Негізі махаббат – ұлы сезім. Мұны ата-анаға, туған жерге, жарға, балаға деп бөлсек жарасады. Дегенмен қазақы менталитет менің де бойыма дарып, ұлтымызға қатысты барлық дүниеге сүйіспеншілігім оянады да тұрады. Ел, тіл мәселесінде жанашырлығымды бүгіп қала алмайтыным содан болса керек. Ал жар таңдау себебі бәріне түсінікті сезім. Бастысы – бақыттымыз. Құдай берген Жанерке, Жансая есімді қыздарды дүниеге әкелдік. Қос қызымда өздерін қазақпын деп біледі. Тұңғышым Жанерке қазақ мектебінде оқиды. Үлгілі, озат оқушы. Өзгелерден өте алғырлығымен ерекшеленеді. Өнерден де құр алақан емес. Ән айтады, би билейді, мектепте өтетін шаралардың үнемі бел ортасында жүреді. Шүкір. 

Өзге ұлт өкілдері маған қызыға қарайтынын жасырмай айта береді. Мұндайда қазақы қылыққа салып: «Түкір» деп қоямын. Еліміздің тұтастығы, ұлттардың достастығы үшін қызмет етіп, бейбіт аспан астында отбасымызбен бақытты ғұмыр кешкенге не жетсін?! Тек барымызды бағаласақ, алға қарай ұмтылсақ жетіп жатыр.

– Ашық әңгімеңіз үшін ризашылық білдіреміз!

Өзгелердің жаңалығы