Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, мұнай өнімдері мен сұйытылған газ бағасы биыл кезең-кезеңімен қымбаттайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президент жанындағы энергетикалық кеңесте жанар-жағармай бағасын либерализациялау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар сұйытылған мұнай газының бағасы біртіндеп өседі. Тауар газы бойынша баға өсімінің нақты индикаторлары бар, – деді министр.
Оның айтуынша, Үкімет баға бақылауына қатысты нормативтік және әкімшілік шараларды сақтап қалады.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының күрт өсуіне жол берілмейді. Ақпан айында мұнай өнімдерінің, ал жақын арада сұйытылған газдың бағасы көтеріледі деп күтілуде. Тауарлық газдың бағасы биылғы жазда өседі, – деді Алмасадам Сәтқалиев Үкіметте өткен брифингте.