Сүйек кемігі донорларына сұраныс көп

28 Қараша 2021, 16:20
13005
Бөлісу:
Сүйек кемігі донорларына сұраныс көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сүйек кемігі – қан өндірім жүйесінің қан жасушаларын үнемі жаңартатын маңызды ағзасы. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы баспасөз қызметінің таратқан мәлімет бойынша, республика аумағында сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі бар.

Қанның эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер деген барлық жасушалары бірыңғай жаушалардан дамиды. Бұл «гемопоэздік дің жасушалары» (ГДЖ) деп аталатын жасушалар. Сүйек кемігін транспланттау пациент ағзасына донорлық дің жасушаларын енгізуді көздейді, олар пациенттің сүйек кемігінде тарап, жаңа қан жасушаларын өңдіреді.

Елімізде сүйек кемігі донорларының банкі бар ма?

Қазақстанда сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі бар.

Тіркелім дегеніміз – бұл транспланттауды қажет ететін пациенттерге ерікті түрде және өтеусіз көмек көрсетуге дайын әлеуетті ГДЖ донорлары туралы мәліметтер бар ақпараттық платформа.

Қазақстанда ол Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында орналасқан. Тіркелімде Қазақстанның барлық аймақтарынан әлеуетті донорлар бар.

Қазіргі таңда ҚР Сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі бар. Ол:

- 6700 астам әлеуетті донор,

- донорларды іздеуге бағытталған жал сайын ондаған сұраным,

- 4 сәтті донация = 4 құтқарылған өмір!

Әлеуетті донорлардың барынша көп болғаны маңызды екенін түсінгені жөн. Донор мен пациенттің үйлесімділігі 1:10 000, науқаста сирек кездесетін HLA-фенотипі болған жағдайда 1:1 000 000 құрайды, сондықтан тізілімде донорлардың саны артқан сайын сәйкес донорды табу мүмкіндігі жоғары болады. Алайда кейде донор өмір бойы тізілімде болып, ешкімге сәйкес келмеуі де мүмкін.

Қазақстанда сүйек кемігі донорлығы үшін ақы төленеді ме?

ГДЖ донорлығы ерікті және өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Бір адамның өмірін құтқарамын деп ниеттенген кез келген адам ГДЖ доноры бола алады. Тек қана жас мөлшері бойынша шектеулер бар – ол 18-45 жасты құрайды.

Сүйек кемігінің дің жасушаларын транспланттауға кімдер мұқтаж?

Елімізде сүйек кемігінің дің жасушаларын транспланттауды қажет ететін пациенттер саны жылына шамамен 300 адамды құрайды. Барлық жағдайда, донорды алдымен ең жақын туыстардың арасынан іздейді, туыстар арасында үйлесімді донор табылмаған жағдайда, олар туыстық емес транспланттауға жүгінеді, бұл жылына шамамен 15-20 адам, олардың тең жартысы балалар мен жасөспірімдер.

Транспланттауды қажет ететін аурулар халықтың әртүрлі санатында кездеседі және де адамның жасы мен әлеуметтік мәртебесіне де байланысты емес.

Қазақстанда алғаш рет отандық донордан пациентке ГДЖ трансплантау 2018 жылы жасады. Келесі жылы қазақстандық донорлардан қазақстандық пациенттерге қан өңдіретін дің жасушаларын 2 туыс емес транспланттау жасалды, ал төртінші транспланттау 2021 жылғы сәуірде Ресейдегі бала үшін жүргізілді.

Менің донор болғым келеді. Ол үшін не істеу керек?

Қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда 18 жасқа толған кез-келген дені сау адам сүйек кемігінің доноры бола алады.

Бұл үшін қалаңыздағы Қан орталығына барып, сауалнама толтырып, HLA-фенотипіңізді анықтау үшін 9 мл қан тапсыру керек, бұл арқылы донор мен реципиенттің үйлесімділігін анықтауға болады.

Арнайы дайындық қажет емес. Бұдан кейін күту керек, сүйек кемігінің доноры болу мүмкіндігі бірнеше айдан кейін немесе жылдан кейін ғана бола алады.

Донор тіркелімге кіргеннен кейін бұны есте сақтағаны өте маңызды, тіркелім маманын телефон нөмірін немесе мекенжайын өзгерткені туралы хабардар ету керек. Сіздің жасушаларыңыз арқылы басқа біреуге өмір сыйлау болатынын ұмытпағаныңыз жөн.

Дәрігерлер пациентке тиісті донорды қалай таңдайды?

Мектеп анатомиясы курсынан біз жер бетіндегі әр адам ерекше екенін білеміз, өйткені ол ата-анасынан ерекше генотипті алды. Адамның бірегей код жүйелері бар. Арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы бір-біріне сәйкес келетін адамдарды іздейтін математикалық қатынастар жүйесі табылады. Бұл дегеніміз, туған бауырлар мен әпкелер бір-біріне донор бола алады, бірақ өкінішке орай мұндай жағдай әрқашан бола бермейді.

Қиын жағдайға тап болған қалған пациенттер туыс емес донорды іздеуге мәжбүр болады. Ол үшін тіркелім бар. Донорды іздеу сұранымын алғаннан кейін жүйе сәйкес келетін кандидаттардың бар-жоғы туралы хабарлайды. Емдеу жүргізетін медициналық мекеме донор болуға ниет білдірген нақты адамның деректері бар тіркеліммен байланысқа шығады. Тіркелім қызметкерлері қажетті донорды өздері тауып, өзектендіруді жүргізеді. Бұдан кейін адам транспланттау үшін жарамды болып танылады да келісімін береді немесе одан бас тартады немесе медициналық тексеруден кейін жарамсыз болып танылады.

Дің жасушаларының донорлығы процедурасы қалай өтеді?

Сүйек кемігінің дің жасушаларын алудың екі жолы бар:

1. Перифериялық қан арқылы (қарапайым қан донациясы сияқты) – сүйек кемігіндегі гемопоэздік дің жасушаларын қанға ауыстыру үшін медициналық препаратпен ынталандыру жүргізіледі, қаннан ол автоматты қан сепараторы арқылы жинақталады. 99% жағдайда пайдаланылады.

2. Наркоз арқылы жамбас сүйектен тікелей алынады, қазіргі таңда сирек пайдаланылады.

Донор дің жасушаларын алу жолын өзі таңдауға құқылы. Гемопоэздік дің жасушаларын жинақтаудың алдында донор толық тексеруден өтеді, денсаулығына қандай да бір қауіп төнген жағдайда оны процедурадан шеттетеді. Бір ғана ыңғайсыздық – ГДЖ процедурасы шамамен 3-4 сағатқа созылады.

Донорда кейін сүйек кемігінің тапшылығы проблемасы туындауы мүмкін бе?

Гемопоэздік дің жасушаларын алу кезінде оны тапсырғаны сезілмейді, сонымен қатар жасушалардың толық көлемі 10-14 күннің ішінде қалпына келеді. Үш айдан кейін қайта донор болатынына қарағанда, дің жасушаларының регенерациясы өте жоғары. Алайда бүгінгі күні екінші рет ГДЖ доноры болды деген жағдайлар орын алмаған.

Өзгелердің жаңалығы