Қытай, BAQ.KZ тілшісі. Қытай Халық Республикасы. Құрылғанына 70 жыл. Халқының саны 1 миллиард 395 миллион. Пойызының жылдамдығы 350 км/сағат. Интернеті - 5G. Құжат пен ақша орнына - QR-код.
Жол
Велосипед
Қытайда 1,4 млрд-қа жуық халық тұрса, маған елде сонша велосипед бар сияқты көрінді. Өйткені кез келген қаланың көшесінде велосипедтің түр-түрі самсап тұрады. Әрине бір көргенде «оларды ешкім ұрламай ма?» деген сұрақ туындады. Ұрламайды екен. «Себебі бұл елде ұрлық үшін жаза қатаң, барлық жерде заманауи бейнебақылау камералары орнатылған» деуге болар еді. Бірақ велосипед QR-кодсыз жүрмейді. Қытайда әр адамның, әр заттың, әр қызметтің QR-коды болады. Егер смартфоныңызда WeChat қосымшасы болса, сізге жеке QR-код беріледі. Осы код банк картасымен байланысты болса жеткілікті, кез келген төлемді жасай бересіз, оның ішінде велосипедті жалға алу төлемі де бар. Мысалы, қалаған велосипедіңізді таңдап, оның QR-кодын WeChat арқылы сканерлесіңіз болды, ақыңыз төленіп, көлігіңіз жүріп тұрады. Велосипедті бір сағатқа жалға алу 1 юань, яғни 59 теңге тұрады. Бұл көлік түрінің пайдасы көп – көлік кептелісін болдырмайды, экологияға зиян келтірмейді әрі денсаулыққа да пайдалы.
Пойыз
Қалалар арасын жылдамдығы жоғары пойыздар байланыстырады. Олардың екі түрі бар: бірі - сағатына 309 шақырым, екіншісі - 350 шақырым жүреді. Түсінікті болу үшін біздің елмен салыстырсақ, мәселен Нұр-Сұлтан мен Алматының арасы және Бейжің-Шанхай бағытының қашықтығы шамамен бірдей. Бірақ Нұр-Сұлтан -А лматы жолына пойызбен 14 сағатқа жуық уақыт кетсе, Бейжің-Шанхай бағдарына 4 жарым сағат кетеді. Мұндай пойыздар бүкіл Қытайда жүреді. Енді олар жылдамдығын одан әрі арттырып, тіпті автопилотпен, яғни жүргізушісіз басқару деңгейіне жеткізілмек. Қытайда бұл пойыздар - ұшақтың басты бәсекелесі. Тұрғындардың көбі осы пойызды таңдайды. Себебі бағасы ұшақтан арзандау, жолаушыларды тексеруге әуежайдағыдай ұзақ уақыт кетпейді, ұшақтан кем емес жағдай жасалған.
Вагондардың үш түрі бар: бизнес-класс, бірінші класс және екінші класс. Санатына қарай билет бағасы, вагон іші мен қызмет түрлерінде сәл айырмашылық болады. Бірақ негізінен бұл пойызда жолжүк тасымалдауға рұқсат етілген, жолда тамақ пен сусын беріледі. Отыратын орындықтары ыңғайлы, оларды шалқайтуға болады, ал бизнес-класс вагондарында оларды жатқызып, ұйықтап алуға да болады. Әр креслоның астында розетка, жоғары жағында киім ілгіш пен төменгі тұсында аяқ қоятын құрылғы орнатылған. Шағын мейрамхана, ішуге ыстық су, суық су, дәретхана, қол жуғыш қарастырылған. Пойыздың іші, дәретханасы тап-таза. Жолаушыға тамақ ұсынатын мамандармен бірге вагон тазалығына жауапты қызметкерлер де жүреді. Жүрдек пойызда ешқандай артық дыбыс, шу, теңселіс жоқ. Тек терезеге қарап, пойызда келе жатқаныңды сезесің. Әр станция хабарланып, жолаушылар өз стансаларында кіріп-шығып отырады. Бағасына келсек, біз арасы 400 шақырымдық Хэфэй -Ухань бағытындағы жолға бір адамға 214 юань (12 626 теңге) төледік және бұл қашықтықты 2 сағатта бағындырдық.
Бір қызығы, кейде бір қаладан екінші қалаға жеткеніңді байқамай қаласың, өйткені арасында бос жатқан жер аз. Жол бойында қызған құрылыс. Зәулім үйлер, кәсіпорындар, сауда алаңдары, көлік және логистикалық орталықтар салынып, жұмыс істеп жатыр. Арасында ауыл шаруашылығы алқаптары да кездеседі.
Электромобиль
Көлік демекші, қытайлықтар автомобиль құрастырады және оны экспорттайды. Мысалы, біз JАС зауытына барғанымызда автокөліктерді роботтардың құрастыратынын көріп, таң қалдық.
Жүздеген алып робот құрастырып берген көліктерді әрі қарай адамдар жасайды, яғни мамандар есік-терезесін салып, саймандарын орнатып, бояп, қалған жұмыстың бәрін істейді. Аталған компания электромобильді де шығарады. Қазір оған да сұраныс артып келеді екен. JАС біздің елімізде танымал. Ол қазақстандық кәсіпорынмен бірлесіп көлік құрастырады. Қытайдағы кез келген зауыттың артықшылығы - қызметкерлеріне жағдай жасалуы. Біз барған әр кәсіпорын дербес қалашыққа ұқсайды. Өз аумағы, жатақханасы, асханасы, емханасы, спорт алаңы, саябағы, көлігі және тағы басқа жағдайлары бар. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, мұның бәрі мыңдаған жұмысшының еш алаңсыз жұмыс істеуі үшін жасалып отыр. Қызметкерлер демалыс күндері ғана үйіне барып тұрады екен.
Автобус
Yutong - бүкіл әлемге, оның ішінде Қазақстанға автобустарымен танылған компания. Бүгінгі таңда ол түрлі санаттағы 140-тан астам көлік түрін шығарады. Кәсіпорын қала іші мен сыртына арналған жолаушылар көлігін, туристерге арналған көлік, корпоративтік транспорт, мектеп автобусы, коммуналдық көлік пен электр энергиясымен жүретін автобустарды шығарады. «Олардың басқа көліктерден қандай ерекшелігі бар?» деген сұрақ туындағаны рас. Бұған қытайлықтар былай деп жауап берді: «біз қоғамдық көлік жолаушыларының қауіпсіздігін бірінші орынға қоямыз. Яғни, біз жолдағы қауіпті, апатты жағдайды сезгенде жүргізушіге сигнал беретін құрылғылар ойлап таптық. Бұған қоса автобус жүргізушісінің ұйықтап кетпеуіне жол бермейтін жүйені де шығардық. Аталған жүйе жүргізушінің басы, қол-аяғы, бүкіл денесінің қозғалысын, көздерін ашып-жабу жылдамдығын, тыныс алу жиілігін және тағы басқа белгілерін бақылап отырады. Егер көлік тізгіндеген адам қалғып бара жатса, сигнал қосылады. Бұл жүргізушімен қатар көліктегі жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр».
Көшпелі үй
Аталған компания қоғамдық көліктің тағы бір түрі - көшпелі үй шығарып жатыр. Олар «бұл ерекше жоба сұранысқа ие» дейді. Себебі төрт дөңгелекті үйде адамға қажеттінің бәрі бар. Мәселен, сондай көліктің бір түрінде екі төсек, шкаф, жұмсақ орындықтар, үстел, асхана жабдықтары, тоңазытқыш, қол жуғыш, кір жуғыш машина, дәретхана мен басқа да керек-жарақ қарастырылған.
Интернет
«Қытайда интернет жоқ». Көпшілікте осындай пікір қалыптасқан. Жиі бұғатталады демесеңіз, көрші елде ғаламтор бар екен. Қытайдың телефон номерлерімен, отельдердегі Wi-Fi-дың көмегімен әбден үйреніп алған интернетімізге қол жеткіздік. Тіпті Хэфэй қаласының жергілікті телеарнасы 5G-ғаламтор желісін пайдаланатынын білдік. Дегенмен қытайлықтар «біз интернетке байланып қалған жоқпыз, онсыз да өмір сүре аламыз. Тіпті бизнесімізді ғаламторсыз-ақ дамытып жүрміз. Біздің интернетке телміруге уақытымыз жоқ, жұмыс істеу керек» дейді. Жергілікті тұрғындар WeChat қосымшасын ғана пайдаланады. Себебі барлық қажетті операциялар осы жүйеге қосылған.
Аудармашы
Біз «тіл үйренеміз» деп, ақша мен уақытты жұмсап жүргенде қытайлықтар аудармашы пульт ойлап тауыпты. Бағасы 150 мың теңге және оны интернет арқылы сатып алуға болады. іFLYTEK компаниясы жасап шығарған құрылғы қытай тілін өзге 51 тілге ауызша аударады. Компания алдағы уақытта басқа тілдерді де бірнеше тілге аударатын пульт жасап шығармақшы.
Робот
Аталған компания көлікті дауыспен басқаратын жүйе мен үйдегі шаруаны істейтін робот шығарған. Робот кез келген сұраққа жауап береді, «терезенің пердесін жап, таңғы сағат 6-да оят» деген сияқты бұйрықтарды, өзге де тапсырмаларды орындайды. Жұмысбасты қытайлықтар осындай роботтарды жиі сатып алады екен.
© baq.kz, 2019. Автор: Қымбат Елтайқызы, Нұр-Сұлтан - Бейжің - Хэфэй - Ухань - Чженчжоу - Кайфын - Бейжің - Нұр-Сұлтан
Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда - көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі.