«Сұңқар» («Союз-5») зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы 13–16 сәуір аралығында жүзеге асырылуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғарыш айлағындағы дереккөздің сенбі күні хабарлауынша, бұған дейін 4 сәуірге белгіленген ұшыру күнінің 13–16 сәуір аралығына шегерілуі старттық кешен жабдықтары мен зымыран тасығыш жүйелерін қосымша тексеру қажеттілігіне байланысты болған.
«Қажетті тексерулер жүргізіліп, ескертулер жойылғаннан кейін Мемлекеттік комиссия нақты ұшыру күні туралы шешім қабылдайды», – деді дереккөз.
Еске салайық, бастапқыда «Сұңқар» зымыранын 27 наурызда ұшыру жоспарланған еді. Алайда техникалық себептерге байланысты старт күні резервтік күндерге ауыстырылған.
31 наурыз күні «Союз-5» зымыраны пайдалы жүктеменің макетімен бірге ғарыш айлағының теміржол тармағы арқылы 42-алаңдағы монтаждау-сынақ корпусынан шығарылып, 45-алаңдағы ұшыру қондырғысына тік күйде орнатылған.
Бәйтерек ғарыштық зымыран кешені – Қазақстан мен Ресейдің экологиялық таза отын компоненттері қолданылатын зымыран арқылы ғарыш ұшыруларын жүзеге асыру үшін «Байқоңыр» кешенінде жерүсті ғарыш инфрақұрылымын құруға бағытталған бірлескен жобасы. Жоба 2004 жылы құрылған, ал 2005 жылы сол кездегі Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Байқоңырға сапары кезінде ресми түрде бастау алған.
Бастапқыда бұрынғы «Протон» зымыранына арналған 200-алаңдағы №40 ұшыру қондырғысының орнында «Ангара» зымыран тасығышын пайдалануға арналған жерүсті стартын салу көзделген.
Алайда кейін Ресейдің жоспары өзгеріп, бұған дейін «Энергия» зымыранын сынауға арналған 250-алаңдағы әмбебап кешенді стенд-старт орнында құрылыс жүргізу ұсынылған. Бірақ бұл нұсқа да іске аспаған.
Кейін «Зенит» зымыран тасығышын ұшыру бағдарламасы аяқталған соң 42-алаңдағы монтаждау-сынақ корпусы мен 45-алаңдағы старттық кешендегі барлық жерүсті инфрақұрылымы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу келісімінен шығарылып, қазақстандық тараптың – Бәйтерек бірлескен кәсіпорнының меншігіне берілген.
«Ангараның» орнына оның старттық кешенінің құрылысы басталмай жатып, жаңа «Союз-5» зымыраны бекітілді. Бұл зымыран үшін бұрынғы «Зенит» кешенінен қалған жерүсті инфрақұрылымды қайта бейімдеп пайдалануға мүмкіндік туған.
«Союз-5» зымыран тасығышы (алғашқы жобалық атауы – «Ертіс», қазақша атауы – «Сұңқар») – орта класты екі сатылы зымыран. Ол Ресейдегі РКЦ «Прогресс» кәсіпорнында шығарылады.
Техникалық сипаттамалары: бас қаптамасына қарай биіктігі 58,8 метр немесе 65,2 метр; диаметрі – 4,1 метр; ұшыру массасы – 526–531 тонна; төменгі Жер орбитасына 17,4 тонна, ал геостационарлық орбитаға 2,5 тонна пайдалы жүк шығара алады.
Қолданылатын отын мен тотықтырғыш – экологиялық қауіпсіз нафтил (керосиннің бір түрі) және сұйық оттегі.