Алматы, BAQ.KZ. Арнайы тексеріс кезінде мегаполистегі 20 салонның жұмысынан шикілік шығып, олардың санитарлық нормаларды сақтамағаны анықталды. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.
Сұлулық салонына барып, маникюр жасатқан алматылық қыз аяқ-қолының тырнақтарына «саңырауқұлақ» жұқтырып алған. Бірнеше айдан бері инфекциядан арылу үшін қымбат ем алса да, ол әлі күнге дейін бұл аурудан айықпағанын айтады.
«Инфекция тырнақ егегіштен жұқты деп ойлаймын. Себебі, қалған құралдардың барлығы залалсыздандырылған еді. Бірнеше айдан бері қымбат дәрілер ішсем де тырнақтарым әлі күнге дейін толық жазылмады. Ай сайын 10 мың теңгеге түрлі дәрілер аламын. Сұлулық салоны менің емге кеткен шығынымды өтеуден бас тартты, бірақ оларды сотқа бермедім. Алайда, тексеріс кезінде салоннан бірнеше олқылықтар табылып, ақыры айыппұл төледі», – дейді зардап шегуші Светлана.
Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне Светланадан өзге, тағы екі келіншек шағым түсірген. Тексеріс кезінде сән салонының санитарлық талаптарды сақтамағаны анықталыпты. Бұдан бөлек, Алматыда тағы 19 салон мен бір шаштараздан кінәрат табылып, оларға 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынған.
«Тексеру барысында санитарлық талаптарға сай келмеген. Қолды, тырнақты жасайтын ыдыстары дезинфекцияланбаған. Және де медициналық кітапшаларында вирустық гепатитке маркерлар тапсырылуы керек болатын. Ол кітапшаларында ондай болмаған. Және ауаны тазартатын бактерицидтік лампа болуы керек еді. Ол да болмаған...Бір рет қана қолданатын сүлгілер де болмаған», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы Анель Мұсаева.
Санитарлық дәрігерлер сұлулық салонына барғанда мұқият болуға кеңес береді. Әсіресе, үйде отырып маникюр жасайтын, еш сертификаты жоқ мамандардың қызметіне жүгінбеген абзал. Айта кетсек, Алматыда арнайы тексеріс нәтижесінде екі маман жұмыстан қуылған.