Суицид пе, қастандық па: ата-ана қызының өліміне күйеу баласынан күдіктеніп отыр

Бөлісу:
Суицид пе, қастандық па: ата-ана қызының өліміне күйеу баласынан күдіктеніп отыр
Фото: Гүлжан Жақып

Алматы облысында 6-қабаттан құлап, мерт болған Ажардың туыстары қыздың суицид жасағанына сенбей, өлімге күйеуі итермелегенін айтып отыр. Олар тергеудің әділ болғанын қалайды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаза болған келіншектің артында 1 жасар баласы қалған. Ажар Тәуекелқызы екі жыл бұрын мектепте өзімен бірге оқыған жігітке тұрмысқа шыққан.

Марқұм Ажардың анасы Гүлжан Жақып күйеу баласы туған анасымен ішімдік ішіп, қызына үнемі қол көтеретінін айтты.

 Күйеу балам шешесімен қосылып арақ ішеді. Екеуі екі жақтап қызыма күн көрсетпеді. Бір рет талдырып ұрып тастапты. Үнемі қылқындырып ұратын, оған қызым жіберген мына суреттер дәлел. Осы жолы мереке қарсаңында тағы қандай лаң салғаны белгісіз, ақыры қызымның түбіне жетті. Бұған дейін тағы бір рет ұрғанда қызым есінен танып қалған. Нәдірбек екеуі біраз уақыт Ақтауда тұрды, сол кезде де осылай ұрған, - деді марқұмның анасы Гүлжан Жақып.

Ажардың күйеуінен таяқ жегенін көргенде төркін жағы оны бірнеше рет үйіне де әкеліп алған кездері болыпты. Алайда күйеу баласы екі-үш айдан соң кешірім сұрап, қызын қайтадан алып кеткен.

 Әлеуметтік желілерде "Қызды ұрғанын отбасы мүшелері білсе, неге алып кетпеді, неге оны қиын жағдайда қалдырып кетті?" деген сынды пікірлер көп екен. Ажардың төркіні оны бірнеше мәрте үйіне алып кеткен. Бірақ күйеу балалары Нәдірбек кешірім сұрап, Ажарды өз үйіне алып кеткен, - дейді марқұмның құрбысы Дариға Еркінқызы.

Марқұмның әкесі Тәуекел Жекебайұлы қызы отбасын құрғалы таяқтан көз ашпағанын айтып отыр.

 Оқиға 9 наурыз күні сағат 15:00-16:00 аралығында болған. Қызым "осы жігітке тием" деп күш бермеген соң амалсыз көнген едік. Барғалы таяқтан көз ашпады. Қызым өздігінен өле қоятын адам емес. Мыналар тағы ұрып, балконнан лақтырып жіберді деген күдігім де бар. Жайдан жай суицид жасамайды қызым, әбден қорлап түңілдірген. Сот сараптамасы бізге қызымыздың денесін бермей қойып еді, қарсы тарап адвокат жалдап, қызымды өзі өлді қылып қағаз жазғызып алыпты. Оқиға болған күні қызымның енесі де, күйеу бала да ішімдік ішкен екен. Біз Ажардың ешқандай соққы алмаған, өзі өлген деген қорытындысымен келіспейміз. Қызымды күйеуі үнемі ұрған. Оны менен жасырып, айтпай келген. Күйеу бала шешесімен бірге үйлерге жөндеу жұмыстарын жасайды, Қарақалпақстаннан көшіп келгендер, - деді марқұмның әкесі.

Алматы облыстық полиция департаменті осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

 Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді, - деді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Қайтыс болған Ажар Тәуекелқызы 2004 жылы туған. Марқұмның әпкесінің айтуынша, сіңлісінің денесін мәйітханаға жеткізген кезде күйеуі адвокат тауып үлгерген.

Әпкесі бейнебақылау камерасына түсірілген кадрлар көрсетілмегенін айтты.

Ажардың жерлеу рәсімі күні кеше өзі туып өскен үйде болған.

Өзгелердің жаңалығы