Премьер-министр Олжас Бектенов су үнемдеу технологияларын енгізуге бөлінген қаражаттың тиімділігіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
540 мың гектарда су үнемдеу технологиясы енгізілді деп жатырсыздар. Аз емес, қомақты қаржы бөлінді. Соңғы үш жылда 55 млрд теңге бердік. Ал алдағы үш жылға 200 млрд-тан астам қаржы бөлінбек. Оның нақты әсері бар ма? Су үнемдедік пе, әлде диқандарға бердік пе? – деп сұрақ қойды Премьер-министр.
Бұл сауалға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жауап берді.
Министрдің айтуынша, соңғы үш жылда жалпы пайдаланылатын су көлемі тұрақты түрде азайып келеді. Суармалы жер көлемі 1 млн 200 мың гектар деңгейінде сақталып отыр.
Мәселен, 2023 жылы суды пайдалану 11 млрд 800 млн текше метр болса, биыл 11 млрд 100 млн текше метр. Яғни 700 млн текше метр суды пайдалануды қысқарттық. Ал нақты 2025 жылға су үнемдеу технологиясы арқасында 874 млн текше метр су үнемделді, – деді министр.
Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов жыл басындағы қуаңшылықты ескере отырып, суды қосымша беруге мәжбүр болғанын атап өтті.
Нәтижесінде суармалы дақылдардың өнімділігі бұрынғы жылдардан артты, – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Ал Премьер-министр Олжас Бектенов бұл ақпаратты халыққа дұрыс әрі түсінікті түрде жеткізу қажеттігін айтты.
Оны халыққа дұрыстап түсіндіру қажет, – деді Үкімет басшысы.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов ауыз сумен қамту бағытында атқарылған жұмыстар мен қаржыландыру көлемі туралы мәлімет берді. Белгілі болғандай, елдегі қала мен ауыл ауыз сумен 100% қамтамасыз етілді.