Суданда мыңдаған адам елдің бірнеше қаласында жиналып, армияны қолдайтынын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарулы қақтығыстар жалғасып жатқан Суданда кейбір мемлекеттік мекемелердің үндеуінен кейін тұрғындар көшеге шығып, әскерге қолдау көрсетті.
Порт-Судан, Атбара, Хартум, Гадариф, Дунгула, Демазин, эд-Деббе, Вад-Медени, Вади-Халфа, Синкат, Синнар, Метемме, Мереви және Кесела қалаларында өткен митингілерде адамдар Суданның мемлекеттік туларын алып шықты.
Наразылық білдірушілер «Біртұтас армия, біртұтас халық», «Біз бәріміз — армиямыз», «Барлық күш Фаширге» деген ұрандар айтты.
Армияны қолдай отырып, демонстранттар Жедел әрекет ету күштерін (ЖӘК) «террористік ұйым» деп тануға шақырды.
Суданның Егемендік кеңесінің төрағасы әрі армияның бас қолбасшысы, генерал-полковник Абдул-Фаттах әл-Бурхан шерулерге қатысты X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады.
Біз Суданның даңқты халқына алғыс айтамыз. Сіздер әрдайым қолдау мен тірек, күш-қуаттың, қарсылық пен жанқиярлықтың қайнар көзі болдыңыздар. Өз сөзі мен уәдесіне адал қарулы күштеріңіз әрдайым тірек, үміт пен адалдықтың символы болып қала береді, — деп атап өтті ол.
Суданның ресми ақпарат агенттігі SUNA-ның мәлімдеуінше, премьер-министр Камиль Идрис те Судан халқы қарулы күштерді берік қолдайтынын және елдің ішкі ісіне сыртқы араласуды айыптайтынын мәлімдеп, бұл ұстанымды бүкіл әлемге жеткізген.
Ал мәдениет, ақпарат және туризм министрі Халид әл-Иайсир X желісіндегі жазбасында елдің түкпір-түкпірінен жеткен халықтың жолдауы анық екенін атап өтті:
Қарсылық – бұл таңдау, ал жеңіс – ерік, - деді ол.