Суданның Омдурман қаласында базарда жылдам әрекет ету күші жасаған артиллериялық соққы салдарынан 54 адам қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
The Guardian таратқан мәліметке сәйкес, 158 адам жараланған.
Ауруханаларға жеткізілген жаралылардың саны 158-ге жетті. Сондай-ақ 54 адам қаза тапты. Денсаулық сақтау министрлігі бұл халықаралық нормалар мен заңдарды бұзу екендігін алға тартады, - делінген хабарламада.
Елдің денсаулық сақтау ведомствосы жаралылар мен қаза болғандардың денесін қабылдаған Әл-Ну және Саваид ауруханаларындағы барлық медициналық қызметкерге алғыс айтты.
Судандағы шиеленіс 2023 жылы сәуірде басталған болатын. Сол уақытта жылдам әрекет ету күші мен әскери көшбасшылар арасындағы келіспеушілік ел астанасы Хартумдағы ашық ұрыс әрекеттеріне ұласқан.
Содан бері шиеленіс бүкіл ел аумағына таралды. 28 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған тұрғын өз үйлерін тастап қашуға мәжбүр. Елдің кей бөлігінде аштық жарияланды.