Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев төрағалығымен елорданың туризм саласын дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті. Оған қаланың қонақ үй бизнесінің өкілдері, ішкі және сыртқы туризм нарығында жұмыс істейтін туроператорлар, қолөнершілер мен туристік қауымдастықтар қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кездесуге қатысушылар туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа шараларын талқылады.
Туристік сала – әлемдегі ең перспективалы салалардың бірі. Сондықтан бүгінгі таңда біздің барлық күш-жігеріміз туристік сегментті белсенді дамытуға және ілгерілетуге бағытталған. Әрбір адамға өз ойын білдіруге, өзекті проблемаларды көтеруге және біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуға белсенді атсалысуға мүмкіндік бергіміз келеді. Пандемия туризм саласына да зиян келтіргені белгілі. Осы саладағы бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу барысында біз мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы айтып, туризмді дамытуды ынталандыратын тетіктерді талқыладық, – деді Ерлан Бекмұрзаев.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Айдос Сәкеновтің айтуынша, 2021 жылғы 30 сәуірде Президент «ҚР-дағы туристік қызмет туралы» заңға түзетулерге қол қойған, оның аясында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа 7 қолдау шарасын іске қосу көзделген.
Түзетулер аясында «Кидс гоу фри» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда – бұл турпакет аясында балалардың ұшуы, сондай-ақ бүкіл ел бойынша санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауы, автобустарды сатып алу кезіндегі шығындарды өтеуі қарастырылған. Яғни, туроператор, турагент, гид-экскурсовод сатып алған автобустың шығындарының 25%-ын өтейміз. Бұл шаралардың барлығы тікелей ішкі туризмді дамытуға, ел тұрғындарының өзімізде демалуына мүмкіндік жасауға бағытталған, – деп нақтылады Айдос Сәкенов.
Туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап шаруашылық жүргізуші субъектілер шығыстарының бір бөлігін өтеу үшін мынадай мемлекеттік қолдау шараларын іске асыратын болады:
1) туристік қызмет объектілерін салу, қайта жаңарту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (объектілерді салуға және (немесе) қайта жаңартуға арналған шығындар құнының 10%);
2) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысында көрсетілген ӨҚҚ құрылысының құнынан);
3) кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау (субсидиялау сомасы ай сайын 83 300 (сексен үш мың үш жүз)теңге мөлшерінде);
4) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегізден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу (автокөлік құралдары құнының 25% -ын құрайды).