Субсидия, жеңілдетілген несие, лизинг: Қазақстанда фермерлерге арналған қандай бағдарламалар бар?

Бүгiн 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 07:30
Бүгiн 2026, 07:30
255
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Егін егіп, мал өсіру – тек тәжірибе мен еңбекке ғана емес, қомақты қаржыға да тәуелді. Техника сатып алу, асыл тұқымды мал әкелу, тыңайтқыш пен тұқым алу немесе жаңа ферма салу – мұның бәрі үлкен шығынды талап етеді. Сондықтан мемлекет агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін жыл сайын жүздеген миллиард теңге бөліп келеді. Тек 2026 жылы мал шаруашылығын дамытуға 300 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. 

Алайда көптеген фермерлер мемлекеттік қолдаудың нақты қандай түрлері барын, қай бағдарлама өз шаруашылығына тиімді екенін немесе субсидия мен жеңілдетілген несиенің айырмашылығын толық біле бермейді.

BAQ.KZ тілшісі бүгінде жұмыс істеп тұрған негізгі мемлекеттік бағдарламаларға шолу жасады.

Ең алдымен субсидияның қандай түрлері бар?

Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік қолдау бірнеше негізгі бағыт бойынша көрсетіледі.

Бірінші бағыт – өсімдік шаруашылығын субсидиялау.

Бұл бағдарлама арқылы фермерлер элиталық тұқым сатып алуға, минералды тыңайтқыштардың құнын өтеуге, пестицидтер қолдануға, суару қызметтеріне және егін өнімділігін арттыруға қажетті басқа да шығындардың бір бөлігін мемлекет есебінен өтей алады. Биыл бұл бағыттағы субсидиялау қағидалары жаңартылып, қолдау тетіктері қайта қаралды. 

Екінші бағыт – мал шаруашылығын қолдау.

Бұл бағыт бойынша асыл тұқымды мал сатып алу, селекциялық жұмыстар жүргізу, аналық мал басын көбейту, ет пен сүт өндірісін дамытуға арналған субсидиялар қарастырылған. Сонымен қатар өнім өндіру көлеміне байланысты да мемлекеттік қолдау беріледі. 

Шаруашылықты кеңейткісі келетіндерге инвестициялық субсидия беріледі

Көптеген фермер жаңа ферма немесе жылыжай салуға тәуекел ете бермейді. Себебі құрылыс пен құрал-жабдықтың құны қымбат.Осындай жағдайда инвестициялық субсидия көмектеседі.

Бұл қолдау аясында мемлекет ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, мал бордақылау алаңдарын, сүт-тауар фермаларын, суару жүйелерін, көкөніс қоймаларын және басқа да өндірістік нысандарды салуға кеткен инвестицияның белгілі бір бөлігін өтейді.

Яғни фермер нысанды өз қаражатына немесе несие есебінен іске қосқаннан кейін шығынның бір бөлігін мемлекет қайтарады. Өтелетін пайыз жобаның түріне байланысты белгіленеді. 

«Кең дала» – егіс науқанына арналған ең танымал бағдарлама

Көктем келгенде фермердің ең үлкен мәселесі – айналым қаражаты.

Тұқым, дизель отыны, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер – барлығына қаржы қажет.

Осы мақсатта «Кең дала» бағдарламасы жұмыс істейді.

Бағдарлама көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыруға арналған. Фермерлер жеңілдетілген шарттармен несие алып, маусымдық жұмыстарын уақытында жүргізе алады.

Соңғы жылдары бұл бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі бірнеше есе арттырылып, қаржыландыру ертерек басталуда. 

Мал шаруашылығына жаңа мүмкіндік

2026 жылдан бастап Қазақстанда «Агробизнес мал шаруашылығы» бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарлама асыл тұқымды ірі қара, қой, жылқы және басқа да ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға арналған.

Ең басты ерекшелігі – жылдық мөлшерлеме 6 пайыз деңгейінде белгіленген. Қаржыландыру ұзақ мерзімге беріледі және оны тікелей Аграрлық несие корпорациясы, кредиттік серіктестіктер немесе екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеуге болады. 

Техниканы бірден сатып алу міндетті емес

Қазіргі таңда жаңа трактор немесе комбайнның бағасы ондаған миллион теңгеге жетеді.

Сондықтан көптеген шаруашылық техниканы лизинг арқылы алады.

Бұл бағытта мемлекет қолдауымен жұмыс істейтін қаржы ұйымдары бірнеше жылға бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады. Кей жағдайда мұндай жобалар инвестициялық субсидиямен бірге қаржыландырылады, яғни фермердің шығыны тағы да азаяды. 

Субсидияны кім ала алады?

Мемлекеттік қолдауға жеке кәсіпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтері және заңды тұлғалар үміткер бола алады.

Алайда әр бағдарламаның өз талаптары бар. Кейбірінде жер көлеміне немесе мал санына қатысты талап қойылса, енді бірінде инвестициялық жобаның болуы міндетті.

Сондықтан өтінім берер алдында нақты бағдарламаның шарттарымен мұқият танысу қажет. 

Құжат тапсыру тәртібі өзгерді

Бүгінде субсидиялардың басым бөлігі электронды форматта рәсімделеді.

Фермерлер өтінімді цифрлық жүйелер арқылы жолдайды. Онда жер телімдері, мал басы, техника және басқа мәліметтер мемлекеттік дерекқорлар арқылы автоматты түрде тексеріледі.

Бұл қағазбастылықты азайтып, қаражаттың ашық бөлінуіне мүмкіндік береді. 

Мемлекет субсидиядан бөлек несиелеуге неге басымдық бере бастады?

Соңғы жылдары Үкімет мемлекеттік қолдаудың жаңа моделіне көшіп жатыр.

Ендігі мақсат – тек субсидия төлеумен шектелмей, фермерлерге ұзақ мерзімді әрі қолжетімді несие беру.

Мәселен, мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жеңілдетілген несиелердің көлемі ұлғайтылып, асыл тұқымды мал сатып алуға, жемшөп өндірісіне және инфрақұрылымды дамытуға арналған жаңа қаржыландыру құралдары енгізілуде. Сонымен қатар несие алушылар үшін кепілдік беру тетіктері де кеңейтіліп жатыр. 

Бір сөзбен айтқанда, бүгінде фермер үшін мемлекеттік қолдаудың мүмкіндігі бұрынғыдан әлдеқайда көп. Бірақ оның тиімділігі ең алдымен шаруаның ақпараттануына байланысты. Себебі қай бағдарламаға қатысуға болатынын, қандай талап қойылатынын және өтінімді қашан беру керектігін білетін фермер ғана мемлекет ұсынған мүмкіндікті толық пайдалана алады.

Наверх