Қаржы министрі Мади Тәкиев Мәжілістің кулуарында төтенше жағдайларға жергілікті бюджетте қанша теңге бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Су тасқынынан зардап шеккендерге қаржыны бөлу мәселесін жергілікті бюджет пысықтайды. Қаржы жергілікті бюджетте бар. Қазақстан бойынша жергілікті бюджетте төтенше жағдайларға арналған 26 млрд теңге бар. Бұл ақша әкімдіктерде бар, - деді министр.
Тәкиевтің айтуына қарағанда, бұл қаржы жетіспесе, үкіметтің резервінен ақша бөлінеді.
Қазіргі таңда су тасқынынан келген шығын есептеліп жатыр. Бұл жұмыс аяталған соң, тиісті қаржыны бөлеміз, - деді ол.
Журналистер Қаржы министрінен бұрын айтылған 7 млрд теңге қайдан шыққанын сұрады.
Бұл ақпаратты тексеру керек. Бөлінетін ақша бар. Олар жергілікті бюджетпен өз бюджетін шатастырып отырған шығар деп ойлаймын. Бірақ бізде осындай жағдайда жергілікті бюджетте ақша бар. Мысалы, былтыр жергілікті бюджетте осындай оқиғаның алдын алу үшін 20 млрд теңге қарастырылған, - деп түсіндірді Қаржы министрі Мәди Такиев.