Сауда министрлігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің өнімдермен қамтамасыз етілуін бақылайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомствоның ресми өкілі Әлия Әбдірахманова атап өткендей, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, барлық өңірлерде әлеуметтік азық-түлік бағасының нөлдік өсім байқалады.
Министрлік су тасқынынан зардап шеккен облыстарда азық-түлік тауарларымен, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етілуін бақылайды. Көшпелі тексеру жүргізілді, азық - түлік қоры тексерілді, - деді спикер республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.
Алдын ала деректер бойынша өңірлерде 80 сауда нысаны зардап шекті (Павлодар облысында – 1, Қостанай облысында – 22, Ақтөбе облысында – 9, Атырау облысында – 35, Батыс Қазақстан облысында-13 нысан). Залал сомасы нақтыланады. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты.
Министрлік ірі сауда желілерімен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп атап өтті сауда министрлігінің ресми өкілі.