Ұлытау облысында 22 елді мекен мен шаруа қожалықтарында су басу факторы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлытау ауданы, Жезді кенті Жезді өзенінің арнасынан шығу салдарынан 10 үйді су басу жағдайы тіркелген. Осыған байланысты Жезді кентінде Төтенше жағдай жарияланған.
Келтірілген шығынды анықтау мақсатында облыстық комиссия құрылып, су басқан үйлер, автожолдар және суға кеткен мал басын санау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Толық ақпарат комиссия жұмыссының қорытындысы бойынша апта соңында белгілі болады, - деді Ұлытау облысы ТЖД бастығы полковник Есен Байыров.
Өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою мақсатында 138 бірлік техника, 418 адам жұмыс істеп жатыр.
Елді мекендер мен шаруа қожалықтардан 157 адам, оның ішінде 73 бала эвакуацияланды. Су тасқыны кезеңінен бүгінгі күнге дейін қауіпсіз орынға 990 мал басы оның ішінде, 405 бас ірі қара, 524 бас ұсақ малы және 61 бас жылқы айдалды. Эвакуацияланатын халықты қабылдау және орналастыру қажет болған жағдайда Жезқазған қаласында зардап шеккендерді қабылдау пункттері дайындалды, - деді спикер.